Шолу

Мәжіліс мінбері: Туристер мен көлік жүргізушілерін, мамандықты сақтандыру (ШОЛУ)

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында туристерді және көлік жүргізушілерін және кейбір мамандық иелерін сақтандыруды қарастыратын заң жобасы талқыланды. Үкіметтен үлгі алған Мәжілістің бұл отырысы де таза мемлекеттік тілде өтті. Осы және өзге де Мәжіліс мінберінде айтылған өзекті мәселелермен Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы28 Ақпан , 12:34

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында   «1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мақұлданды. Ратификациялауға келіп түскен хаттама 1992 жылғы 6 шілдедегі ТМД Экономикалық сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізуді көздейді.

«ТМД сотының қағидаты бойынша тұрақты негізде тек қана сот төрағасы жұмыс істейді. Ал басқа судьялар нақты дауды қарау кезінде ғана тартылады. Сол себепті хаттаманың басты мақсаты ТМД органдарының бірыңғай бюджеті қаражатын тиімді пайдалану болып табылады. Комитет аталған заң жобасын жұмысқа алуға дайын», - деді депутат Нұрлан Әбдіров.

Сондай-ақ, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста сақтандыру және сақтандыру қызметі бойынша түзетулер бірінші оқылымда талқыланды. Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар шетелге шығатын кездегі туристі сақтандыру мәселесіне назар аударды. Халық қалаулыларының пікірінше, шетелге шыққанда туристер өз проблемаларымен өздері ғана қалмауы керек.

«Біздің көптеген азаматтарымыз қазіргі уақытта өз демалыстарын туристік жолдама бойынша шетелде өткізеді. Әрине, ол жақта жүрген кезде әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Ауырып қалады немесе басқа жағдайлар орын алуы мүмкін. Бірақ та, ең бастысы - туристік жолдама бойынша шетелде жүрген азаматтарымызды осы кезеңде толықтай сақтандыру қажет. Сондықтан, осы мәселені екінші оқылымға дейін қарауымыз қажет», - деді Нұрлан Нығматулин.

Қолданыстағы заң негізінен туристің емес, туроператор мен турагентіктің мүліктік мүдделерін қорғауға бағытталған болатын. Ендігі жерде, осы заң жобасына сәйкес, қазақстандық туристерді қорғау мақсатында туристік фирмалар шетелге шығатын туристі міндетті сақтандыруды жүзеге асыру көзделетін болады.

Осыған орай, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев шетелге шығатын тұлғаларды сақтандыруда бірқатар өзгерістер енгізілетінін айтты.

«Қазіргі кезде туроператордың жауапкершілігін сақтандыру кезінде сақтандыру тек туроператордың кінәсі дәлелденген кезде ғана жұмыс істейді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Турист, әдетте, денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты өз мәселелерімен жалғыз қалады. Заң жобасы шетелге шығушы туристерді сақтандыру тәртібін өзгертуді қарастырады», - деді ол.

Данияр Ақышев  айтып өткендей, заң жобасында туроператор туристке жолдаманы сатқан кезде оған сақтандыру куәлігін беру міндеттелген. Сақтандыру куәлігінде шетелде тәулік бойы медициналық көмек көрсететін халықаралық компаниялардың телефондары көрсетілетін болады. Бас банкирдің айтуынша, бұл азаматтардың қалтасына да салмақ түсірмейді.

«Шетелде сақтандыру жағдайы орын алған кезде, турист медициналық қызмет көрсетуге, жедел медициналық көмекке және репатриация бойынша шығындалмайды. Бұл шығындарды халықаралық компанияға сақтандыру компаниясы төлеп береді... Күніне 320 теңге шамасында, 3 милионнан 16 млн теңгені құрайтын шығындар сақтандырылатын болады. Бұл сақтандыру тек туроператорлардың көмегіне жүгінген туристер үшін ғана жұмыс істейді», - деді Данияр Ақышев.

 Оның айтуынша, туроператорларға жүгінбейтін туристер және өз бетінше шетелге шығатын азаматтар өздері үшін жауапкершілікті дербес көтереді және мемлекет оларды өздерін сақтандыруға міндеттей алмайды.

Сонымен қатар,   Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев  көлік жүргізушілерінің сақтандырылуына көңіл бөлді.  Бұдан былай  елімізде көлік жүргізушілерге сақтандыру полисін онлайн сатып алу енгізілмек. Данияр Ақышев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысында Ішкі істер министрлігімен онлайн-сақтандыруды енгізу, атап айтқанда жүргізушіде полистің бар екенін тексеру жұмысы талқыланғанын айтты.

«Автожүргізуші сақтандыру полисін сақтандыру компаниясының сайтынан онлайн режимде сатып ала алады. Осыдан кейін клиент сақтандыру шартына меншіктелген бірегей нөмірді алады. Нөмір Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен беріледі. Барлық дерек осы дерекқорда сақталады. Жол полициясы тәулік бойы және кез-келген уақытта жүргізушіде сақтандырудың бар екенін Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан тексере алады. Яғни, қағаз полис сұралмайтын болады», - деді ол.

Онлайн-сақтандыруды енгізу сақтандыру компанияларына қатаң қауіпсіздік талаптарының сақталуын талап етеді. Қазіргі таңда дерекқор мемлекеттің меншігінде және сақтандыру құпиясын сақтаудың барлық талапқа жауап береді. Бұл ең алдымен ақпараттың сақталуына және жеке деректерге қол сұғылмауына барынша жауапкершілікке тиесілі.

Сондай-ақ, заң жобасында елде кейбір мамандыққа міндеттелген сақтандыруды енгізу көзделген.

«Міндеттелген сақтандыру деген не? Ол – белгілі бір мамандық бойынша міндетті болып табылатын сақтандыру. Бірақ оның шарттары тікелей заңмен емес сақтандыру компаниясы және оның клиентінің арасындағы шартпен анықталады. Міндетті сақтандыру бойынша сақтандырудың барлық шарттары, тарифтер мен төлемдер, тікелей жекелеген заңдарда белгіленеді. Мұндай тәсіл, стандартты және жаппай сақтандыру түрлеріне негізделген», - деді ол.

Ол сақтандырудың жекелеген түрлерінде клиенттің тәуекеліне байланысты жекелей көзқарас пен икемділіктің қажет екенін атап өтті.

«Міндеттелген сақтандыруды енгізу сақтандыру компаниясына және оның клиентіне келісімшарт пен икемді сақтандыру шарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәуекелдердің нақты тізімін анықтау арқылы клиенттерге дұрыс тарифтер белгілеуге болады. Клиентке деген жеке көзқарас осы міндеттелген сақтандырудың негізгі артықшылығы болады», - деді Данияр Ақышев.

Қорытындысында аталмыш заң жобасы  бірінші оқылымда мақұлданды.

 «2015 жылдың мамыр айында қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру заңнамасына өзгерістер енгізілді. Құрметті депутаттар, бұл заң сіздердің естеріңізде болар. Біз оны Парламентте көп рет талқыладық. Жәбірленуші жоғалтқан табысты мемлекет, жұмыс беруші және сақтандыру компаниясы тарапынан өтеу мәселесі бойынша оңтайлы шешім қабылданды. Бұл жүйенің болашақта тұрақты болуына мүмкіндік берді», - деді Данияр Ақышев.

Алайда, оның айтуынша, әлеуметтік аннуиттер бойынша қосымша кепілдік механизмдері қажет. Заң жобасында өмірді сақтандырудың әлеуметтік-маңызды өнімдері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қарастырылған. Зейнетақы аннуитеттері мен өндірістегі жазатайым жағдай салдарынан жұмыс қабілеттілігін жоғалтқан қызметкерлердің аннуитеттері бойынша төлемдердің үзілмеуі мен уақытылы болуы маңызды.

Данияр Ақышев сақтандыру нарығын әрі қарай толыққанды дамытуға жағдай жасау мен азаматтардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында заң жобасында басқа да түзетулер қарастырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында күні кеше ҚР Президентінің Жарлығымен Республикалық бюджеттің  атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы болып тағайындалған  Наталья Годунова  ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшеcі   ретіндегі   өкілеттігін өз еркімен мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Күні кеше  өткен   Үкімет  отырысы  қазақ тілінде өтті. Бұл Елбасының «Үкімет пен Парламенттің жұмысы қазақ тілінде жүргізілуі керек» деген тапсырмасынан кейін басталған науқан. Бүгін Мәжіліс отырысы да  жақсы үлгі көрсетті.  Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл  мемлекеттік орган басшыларын мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырды.

«Құрметті депутаттар, тағы да бір айта кететін мәселе бар. Ол кеше ғана Елбасымыздың латын әліпбиіне көшумен бірге қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ерекше назар аудару керектігін тағы да қадап айтқан болатын. Әсіресе, осы Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде жүргізілсін деп айтты. Сондықтан бұл сөздердің барлығы басқа-басқа емес, ең алдымен лауазымды, жауапты қызметте жүрген азаматтарға қатысты болуы керек деп ойлаймын», - деді Бақытбек Смағұл.

Ол Мәжілістің пленарлық отырысында Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевтың жасаған баяндамасын мақтап, басқаларды үлгі алуға шақырды.

«Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дейі ғой. Бүгінгі Данияр Ақышевтың баяндамасы өте жақсы жасалған, оны айтуымыз керек. Елімізде ең маңызды ұлттық мекемені басқарғаннан кейін азаматтарымыз ұлы сөзді ұқпайтын, шайнап берсе жұтпайтын, құлдық санадан шықпайтын емес, керісінше, Елбасының әрбір сөзін құптайтын азаматтар болғаны абзал. Алдағы уақытта менің сөзімді дұрыс ескере отырып, үлкен жүрекпен қабылдап, мемлекеттік тілді меңгеруге белсенді түрде атсалысады деп сенім білдіреміз», - деді депутат.

Осылайша, Мәжілістің тағы бір жалпы отырысы артта қалды. Заң шығарушы органдағы депутаттар түгелдей алдағы уақытта да мінберге шіққанда өз баяндамаларын тек мемлекеттік тілдей жасайды деген сенім білдірді. Мәжіліс төрағасы  Нұрлан Нығматулин талқыланған мәселелер  бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика