Шолу

Үкімет отырысы: инвестициялық жобалар, білімнің жаңартылған мазмұны, аймақтардағы ахуал (ШОЛУ)

Бүгін Астанада Үкіметтің кезекті отырысы өтіп, онда мұнай-газ, білім, инвестиция және бірқатар облыстардың әлеуметтік мәселелері талқыланды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» демекші, бұрынғы отырыстардан бұл отырыстың басты өзгешелігі, жиын бастан аяқ мемлекеттік тілде өтті. Бұған кешегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдағандағы пікірі түрткі болса керек. Ал жалпы жиында көтерілген мәселелермен толығырақ Strategy2050.kz АА шолуынан таныса аласыздар.
Астана қаласы27 Ақпан , 15:29

Кеше ғана ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевты қабылдап, Цифрлы Қазақстан мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы жайлы есебін тыңдаған болатын. Сондай ақ, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесін сөз ете келіп, Үкімет пен Парламенттің мемлекеттік тілге көңіл бөлуін атап өтіп еді.

«Біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Парламент пен Үкімет тек қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс, бірақ бұл мәселеде азаматтардың құқығына нұқсан келмеуі керек. Олар үшін синхронды аударма мүмкіндігін қарастыру қажет», - деген еді Президент Н.Назарбаев.

Ал Үкімет үйіндегі үлкен жиында ел өміріне қатысты не айтылды? ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың деректеріне сүйенсек, 26 жылда мұнай-газ саласына шамамен 200 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған екен.

«Отын-энергетикалық секторы, әсіресе мұнай-газ саласы инвестициялар үшін тартымды салалардың бірі болып қалады. Мұнай-газ саласы дамуының 26 жылы ішінде шамамен 200 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Оның ішінде, Теңгіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарын игеруге салынған инвестициялар 121 млрд долларды құрады», - деді министр.

Министрдің айтуынша қазіргі уақытта, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ атты еліміздегі үш ірі кен орнында жалпы инвестициялар көлемі 42,3 млрд долларды құрайтын кеңейту және өндіріс деңгейін ұзарту жобалары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Теңіз кеңею жобасына 36,8 млрд$, Қашағанда газды кері айдау және жаңа қуаттарды кеңейту жобасына 2 млрд$, Қарашығанақта мұнай өндіру деңгейін ұзарту жобасына 1,6 млрд$, Қарашығанақты тағы кеңейту жобасына 1,9 млрд$ қарастырылған.

 ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «ҚазақИнвест» АҚ-мен бірлесіп жалпы сомасы 47,8 млрд$ құрайтын 145 инвестициялық жобаның базалық тізімі жасалғанын тілге тиек етті. Бұл  35 мың жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді. Оның құрамында Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Түркия («Жаңа синергия») және басқа да инвестициялық жобалар бар.

«Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд АҚШ доллары болатын 51 жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта, 140 млн$ болатын 4 жоба іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша 2018 жылы 11 жобаның құрылысы жүреді.  Жалпы сомасы 363 млн$ болатын 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Биыл Қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы  басталады. Ондағы инвестиция көлемі 623 млн$ құрайды», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, министр  Қазақстан мен Түркия арасындағы бірлескен «Жаңа синергия» бағдарламасы аясында іске асырылатын 26 жоба бар. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 3,5 млн$ болатын бір жоба іске асырылғанын айтып өтті. Биыл 15,5 млн$ доллар болатын 2 жобаның құрылысы басталады. Сондай-ақ, базалық тізімге Мемлекет басшысының шет мемлекеттерге жасаған іссапары аясында келісілген басқа да инвестициялық жобалар енгізілді.

«Жалпы, 145 жобадан ағымдағы жылы 1,6 млрд АҚШ доллары сомасына 15 жобаның құрылысын бастау  және 3 млрд АҚШ доллары сомасына 23 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Базалық тізілімге Қазақстанға инвестициялауға дайын шетелдік инвесторлардың жекелеген бастамалары да кірді. Мысалы, биохимиялық кластерді құру бойынша (инвестициялардың көлемі 2,5 млрд. АҚШ доллары) «Cathay» қытай компаниясының ұсынысы. Көрсетілген жоба бойынша Қазақ Инвест пысықтау және қазақстандық әріптесті іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Министрлік базалық тізіліммен шектелмейді. Болашақта оған халықаралық қаржы институттарының (АДБ, ЕДБ, Дүниежүзілік банкі және т.б.) қаражаттары тартылатын жобалар, оның ішінде МЖӘ жобалары кіреді. Бұдан басқа, Министрлік шетелдік инвесторларды тарту қажеттілігі тұрғысынан Индустрияландыру картасының, әсіресе тоқтап тұрған немесе төмен жүктемелермен жұмыс істейтін жобаларды қайта қарап жатыр», - деп атап өтті министр.  

Осы орайда Бақытжан Әбдірұлы  145 жобаның мониторингта тұрғанын айтты. Барлық жобалар әкімдермен бірлесіп қаралғандығын, алайда, әлі де  нақтылап қарау керектігін айтып өтті.

«Осыған дейін айтылған шикізаттық емес салаға тартылатын инвестициялық жобаларды да қолға алдық, осыған байланысты  Елбасы айтқан сындарды  жөндеу керек. Қытаймен бірлесіп  жасалып жатқан жобалардың барлығы жаңа технологияларға сай болуы керек. Бұл мәселелерді ИДМ  мен «Қазақинвест»  бірігіп, халыққа дұрыстап жеткізу керек. Моноқалаларға осындай инвесторлар тартамыз дедік, бірақ қазір осы тапсырма толыққанды орындалып жатқан жоқ. Өңірлердегі инвестиция тарту жұмыстарын белсенділету керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.  

Отын және инвестициялық жобалардан кейін, білім беру саласы талқыға түсті. ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев білім беру саласының жаңа мұзмұнға көшу мәселесі туралы баяндады. Министрдің айтуынша, былтыр басталған орта білім беру саласындағы реформа биыл жалғасын тауып, бірқатар мектептерде тәжірибелік сыныптар оқытылып жатыр.

«Жаңартылған мазмұнды енгізбес бұрын бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектептерінде, одан кейін 30 пилоттық жоба апробациядан өтті. Мектептерде пилоттық жоба  ретінде енгізілген жүйенің салыстырмалы нәтижесі бойынша, білім сапасының орташа балы екі есеге өсті. 2016-2017 жылғы оқу жылынан бастап 1 сынып, былтырғы оқу жылынан бастап қосымша 2, 5 және 7 сыныптар көшсе, биылғы оқу жылынан бастап 3, 6 және 8 сыныптар кезең-кезең бойынша көшеді. Жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің айлықтарына 30 пайыз үстемақы қаңтар айынан бастап төлене бастады. Барлығы 200 мыңнан астам мұғалім, яғни биыл мұғалімдердің 70 пайызы қосымша ақы алатын болады. Ұстаздар қауымы атынан Елбасына үлкен қолдау білдіргені үшін үлкен рахметімізді айтамыз», - дейді Ерлан Сағадиев.

Министрдің баяндамасына байланысты, жалпы білім беру саласының өңірлердегі жүзеге асырылуы, оның ортаға сіңісуіне қатысты селекторлық байланыс арқылы облыс басшылары қысқаша тоқталып өтті.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс есебіне сәйкес, барлық мектептер қажетті оқу құралдарымен толық қамтылғанын айтты. Келесі жылы шалғай елді мекендердегі мектептерді интернетпен қамту қолға алынатынын мәлім болды.

Ал  Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов өңір  осы жылдың басынан бастап 5 күндік оқу жүйесіне көшкенін айтты. Облыстың 224 мектебі кеңжолақты интернетпен қамтылған.

Екінші мәселеге қатысты Үкімет басшысы білім беру саласы туралы   қоғамның, мұғалімдердің пікірлері ескерілуі керегін айтты.

Тағы бір мәселе Ақтөбе  қаласының агломерациясын дамыту. Жеңіс Қасымбек Алматы, Астана және Шымкент секілді ірі қалалармен қатар Ақтөбе агломерациясын дамыту схемасы да әзірленгенін айтты.  Ақтөбе агломерациясына Ақтөбе қаласы және облыстың 6 ауданының елді мекендері кірді (Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау).

«Агломерациялау процестерін дамыту үшін агломерация өзегі Ақтөбе қаласында және халықтың тартылу орталықтарында халық санын ұлғайту қажет: шығыс бағытта – Хромтау қаласы; батыста – Қобда ауылы, солтүстік батыста – Мәртөк ауылы, оңтүстік бағытта – Алға және Қандыағаш қалалары. 2030 жылға қарай халық санының 1,5 есе артуы күтілуде. Жобада аумақтың ресурстық, минералдық шикізат және өндірістік әлеуетін ескере отырып агломерацияның өндіргіш күштерін перспективалы дамыту ұсынылды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрі 2030 жылға қарай жоғары технологиялық салалар, инновация, ғылым, сауда және қызмет көрсету салалары дамитынын айтты.

«Құрылыс, тау-кен металлургия, машина жасау және медицина кластерлерін, мұнай өңдеу және теміржол өнімдерін шығару бойынша кластерлерді дамыту, индустриялық аймақ пен технопарктерді дамыту өнеркәсіптік өндіріс көлемін 2,7 есе (982,5 млрд. теңгеден 2 614,2 млрд.теңгеге дейін) ұлғайтуға және жұмыспен қамтудың 10%-дан астам (34,8 мың адамға) артуын қамтамасыз етеді. Мысалы, 2018 жылы «Ақтөбе» индустриялық аймақ  аумағында темірбетон шпал жасау бойынша өндіріс құру жаңа 150 жұмыс орнын, жел генераторларын өндіру зауытын – жаңа 500 жұмыс орнын қалыптастыруға ықпал етеді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Жеңіс Қасымбек  аталмыш кесте бойынша жұмыс істеу   агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыру, технологиялық қайта жарақтандыру және кластерлік дамыту, мал шаруашылығының жалпы өнімдерінің көлемдерін 3 есе және өсімдік шаруашылығын 2,5 есе арттыруға ықпал ететіндігіне сендірді.

Өз кезегінде, аталмыш облысты басқарып отырған Бердібек Сапарбаев өңірдің экономикасы кластерлік тәсілде дамитындығын айтты.

«Ауыл шаруашылығында ет, сүт кластерін дамыту бойынша АШМ-мен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Агломареция негізінде өңір экономикасының дамуы  5 пайызды құрайды. Барлығы дұрыс жүріп жатыр. Төрт бағытқа да жолдар жүргізілген. Халықты ауыз су және  электрмен қамту  90 пайыз негізінде, осы көрсеткішті   98 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін барлық балаларды балабақшамен қамтамасыз етеміз. Жер қорларын пайдалану, жаңа кәсіптерді ашу арқылы өңірдің экономикасын арттырып, халықтың жұмысын арттыруға жұмыс жасаймыз», - деді Бердібек Сапарбаев.  

Бақытжан Сағынтаев агломерация бойынша кестені   тиімді жүзеге  асыру   басты назарда екенін айтты. Үкімет мүшелері  бұл жобаны қолдау бойынша дауыс берді.

Сөйтіп, Үкімет отырысының соңында осы жиында талқыланған үш мәселе бойынша да нақты тапсырмалар берілді.

Аягөз Құрмаш 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика