Рухани жаңғыру

Премьер-Министр Президентке «Рухани жаңғыру» бойынша есеп берді

Президенттің қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Астана қаласы09 Ақпан , 11:45

«Сіздің «Рухани жаңғыру» бағдарламаңызда айтылған тапсырмаларыңыз экономиканы жаңғырту процесстеріне маңызды идеологиялық қолдау көрсетіп отыр. Жастардың бойында болашақ қазақстандықтың сапасын тәрбиелеуге қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптасуда. Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне 2025-ші жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша Іс-шаралар жоспары дайындалды» - деді Үкімет басшысы.

Baq.kz хабарлағандай, Бақытжан Сағынтаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған арнайы жобаларға жеке-жеке тоқталды.

«Жаңа гуманитарлық білім» жобасының аясында 800 атаудан тұратын оқулықтар тізімі әзірленді. Олардың ішінде әлемдегі ең озық 17 гуманитарлық оқулық қазақ тіліне аударылып, жарық көрді. «Туған жер» жобасы аясында елімізде 700-ден астам іс-шара атқарылып, тағы да 300-ден астамы іске асырылуда. Меценаттардың есебінен 51 млрд теңгеден астам демеушілік көмек алынды. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша жалпыұлттық маңызы бар 183 және жергілікті маңызы бар 520 нысан анықталды. Біріккен Ұлттар Ұйымының 5 тіліне дубляждалатын 4 фильмді түсіру жұмыстары жүруде. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары анықталды. Олармен Сіз өткен жылдың желтоқсан айында кездестіңіз. Төл мәдениетіміздің озық үлгілерін шетелдерде таныстыру үшін Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық мәдениетіміздің ең үздік жетістіктері таңдап алынды» - деді Бақытжан Сағынтаев.

Фото: Baq.kz




Яндекс.Метрика