Үкімет

Энергетика министрлігі 2018 жылы қандай жұмыстар атқарады (ШОЛУ)

ҚР Энергетика министрлігінің 2017 жылға дейінгі жұмысының қорытындылары мен 2018 жылға арналған жоспарларын Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ведомства басшысы Қанат Бозымбаев жариялады. Жалпы, осы жылы министрлік қандай тапсырмаларды орындайтынын «Strategy2050.kz» АА материалынан оқи аласыз.
Астана қаласы22 Қаңтар , 17:19

Министрдің айтуынша, Қазақстанда өткен жылы 86 млн тоннадан астам мұнай өндірілді, бұл өндіру жоспарының 102% құрайды. Оған қоса, 70 млн-ға тоннаға жуық экспортталды. 15 млн тоннаға жуық мұнай отандық МӨЗ-дерде қайта өңделді. Павлодар мұнай-химия зауытында жаңғырту жобасы жүзеге асырылды, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобаларының құрылысы аяқталды, қазіргі уақытта зауытта іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Газ өндіру көлемі шамамен 53 млрд м3 немесе жоспардың 110% құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі - 47,38%. Ағымдағы жылы 16 жоба іске асырылады, газдандыру деңгейі 48% астамды құрайды. 2017 жылы 102,3 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. 106,7 млн тонна көмір өндірілді.

«2017 жыл отын-энергетика секторының салалары үшін көрсеткіштер бойынша рекордтық болды деуге болады. Және министрлік үшін 2018 жылдың міндеттері өсімнің белгіленген қарқынын ұстап тұру және салаларды одан әрі дамытуға ынталандыру болып табылады», — деп баса айтты Қ. Бозымбаев.

Оған қоса, Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына сәйкес энергетика министрлігінің негізгі тактикалық міндеттерінің бірі ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту болып табылады. Ол үшін басты құрал — Жер және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, оның нормалары 2018 жылғы шілдеден бастап күшіне енеді. Қазір заңға сәйкес барлық нормативтік-құқықтық база пысықталуда.

«Жер қойнауын пайдалану саласында салық саясаты жетілдірілді. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексі күшіне енді. Кодекстерді қабылдау және барлық қарастырылған нормаларды іске асыру мұнай-газ кешенінің стратегиялық маңызын сақтап қалуға мүмкіндік береді», — деп баса айтты Қанат Бозымбаев.

Ағымдағы жылға жоспарлар туралы айтқан министр сұйылтылған мұнай газы нарығында шектік бағаны мемлекеттік реттеуден кезең кезеңмен шығару үшін электронды сауда алаңын енгізу жоспарланғанын атап өтті. Бұл, Қанат Бозымбаевтың айтуынша, баға белгілеу және сұйылтылған мұнай газын бөлу тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді. Қажетті заңнамалық нормалар 2018 жылғы желтоқсанға дейін пысықталады.

Астананы газдандыру мәселесі өте өзекті, сондықтан қаржыландыру үлгісі мен көзін пысықтау жалғасады.

Сонымен қатар, ірі инвестжобалардың бірі Полиэтилен өндіру жобасы бойынша (құны $6,5 млрд, қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна), қарызды қаржыландыру тарту үшін ТЭН аяқталады және инвестор үшін мемлекеттік қолдау шараларын пысықтау қажет.

«Электр энергетикасы саласында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамында сенімділік пен энергиямен қамтамасыз ету сызбасын жеңілдету мақсатында өңірлерде энергия жеткізуші ұйымдарды ірілендіру қарастырылған. 2018 жылы 15 энергия жеткізуші ұйым өз қызметтерін тоқтатуы тиіс. Жалпы энергия жеткізуші ұйымдардың саны 2022 жылға қарай 30%-ға, яғни 160-тан 110-ға дейін қысқарады деп күтілуде», - деді Қанат Бозымбаев.

Баспасөз конференциясы барысында министр журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Қанат Бозымбаев полиэтилен пакеттерін елімізде таратуға тыйым салу мәселесіне кеңірек тоқталды.

«Бұл пакеттерді тегін таратпау мәселесін қарастырып жатырмыз, мен түрлі өңірлерде өмір сүрдім, еліміздің оңтүстігінде таратады, солтүстікте сатады, яғни, алдымен ортақ шешімге келу керек. 2018 жылы бұл жұмысты жүзеге асырамыз, ол ашық және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып жасалады, содан кейін барып қажетті шешімдер қабылданады», — деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, бұл бірінші кезекте қолданыстағы экологиялық кодекспен байланысты, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап полиэтиленді полигондарға басқа да зиянды заттар секілді көмуге тыйым салынады.

«Топырақта полиэтиленнің өңделуіне бірнеше жыл керек, ол қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. ҚР ЭМ пайдаланғаннан кейін адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін баламалы орама (биологиялық ыдырайтын қаптар, қағаз қалташалар және т. б.) өндірісін ынталандыруды ұсынады. Біз тыйым салу әдісімен жүрмейміз, ең алдымен біз қандай балама ұсынуға болатынын ойластырамыз және осыған байланысты халықаралық тәжірибені зерттейміз», — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.

Бұдан басқа, ведомство басшысының айтуынща, сапалы өзгерістер «жасыл» энергия саласында да жоспарланған.

 Жаңғыртылатын энергетика нарығы жыл сайын өсіп келеді, 2017 жылы 1,1 млрд кВтсағ өндірілді, бұл 2016 жылғы деңгейден 22% артық. 2018 жылдың жоспары — 1,7 млрд квтсағ (2017 жылға 155%). Ағымдағы жылы жалпы қуаттылығы 123 МВт 10 ЖЭК нысанын енгізу жоспарланған (2017 ж. — 5 нысан).

«Жалпы, ЖЭК пен қоршаған ортаны қорғау саласын дамытуға Мемлекет басшысының Жолдауында ерекше назар аударылған. 2018 жылға негізгі міндеттер мен оларды іске асыру жоспарлары белгіленді, жұмыс бір ізге салынды, Министрлік оларды орындау үшін барлық ресурстарды пайдаланады», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.

Ақбота Күзекбай

 

 

 

 




Яндекс.Метрика