Адами капитал

Астанадағы қарттар үйі қарияларға үйлерінде қызмет көрсетеді

Қарттар үйі биыл елордада әлеуметтік қызмет көрсету бөлімін ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы18 Қаңтар , 16:47

«Осы жылы біз әлеуметтік көмек бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз, яғни жасы егде қарттарға, І және ІІ топтағы мүгедектердің үйіне барып қызмет көрсетеміз», - деп хабарлады Астана әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызмет жөніндегі орынбасары Ардақ Сейітова. 

Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, қазіргі таңда  үй жағдайында халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің стандарттары қарастырылып жатыр. 

«Бұл оңай шаруа емес, себебі біз елорданың үш ауданын қамтығалы жатырмыз. Біздің әлеуметтік қызметкеріміз барлық бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетуге шығады», - дейді Ардақ Сеитова. 

Қазір "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 327 адам қызмет алуда.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы орталықта қарттар мен І және ІІ топтағы мүгедектер үшін күндізгі бөлім ашылған болатын. 

«Біздің бөлімде қазір 15 адамға қызмет көрсетілуде. Олар қалада тұратын аталар мен әжелер. Олар таңертең келіп, кешке үйлеріне қайтады. Биыл келушілердің санын 25-ке дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз», - дейді әлеуметтік қызмет жөніндегі орынбасары. 

Бүгінде орталықтың келушілері әлеуметтік қызметті заңда көрсетілген мемлекеттік стандарттың шеңберінде алып жатыр.




Яндекс.Метрика