"Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы

ОҚО-да ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған алғашқы орталық ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Оңтүстік Қазақстан 18 Қаңтар, 11:13

Атап өтер болсақ, бұл дамуында ауытқуы бар балаларды емдеумен айналысатын өңірдегі алғашқы мекеме.

«Балалардың өмірін жақсартып, лайықты және табысты болашаққа қол жеткізуге мүмкіндік беру үшін дер кезінде білікті мамандардың көмегі қажет болады. Сондықтан да ерекше оқытуды қажет ететін балаларға және олардың отбасыларына тиісті көмек көрсететін осындай орталық ашылып отыр. Енді бүлдіршіндеріміз білікті мамандардың көмегінің арқасында қатардан қалмай тиісті деңгейде білім ала алатын болады», - деді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, бұл «Дара» қайырымдылық қоры, Оңтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы, "Samruk-Kazyna Trust" қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған еліміздегі сегізінші кабинет. Онда дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог сынды мамандар қызмет көрсетеді. Ақысыз түрде қызмет көрсететін түзету кабинеті жылына 150 балаға дейін емдеу жұмыстарын жүргізе алады.

Жиын барысында өңір басшысы "Дара" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаеваны орталықтың құрылуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Г.Досаева мұндай орталықта дәріс алған балғындарда қоғамға тез бейімделіп кететуіне мол мүмкіндік болатынын айтты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында тоғыз мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін жеткіншек бар. Оның ішінде 4000-нан астам баланың мүмкіндігі шектеулі болса, 672 бала мектепке дейінгі дамуында ауытқуы барлар санатына жатады. Жаңадан ашылған орталық көмекке зәру жандарға толықтай көмек көрсетеді деген сенім мол.





Яндекс.Метрика