Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев «Nasdaq» басшысына Қазақстандағы жұмысы үшін алғысын білдірді

Нұрсұлтан Назарбаев «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде 18 Қаңтар, 09:01

Кездесу барысында Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанда жұмыс жүргізу жөніндегі шешімін құптайтынын айтты.

«Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жөніндегі шешімдеріңізді қолдаймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қатысушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Nasdaq» компаниясының бұл шешімі оның серіктестері мен басқа да шетелдік компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты дамытуға жетелейтінін атап өтті.

А.Фридман Қазақстанның халықаралық қаржы орталығын құру жолында атқарған жұмыстарынан алған әсері жөнінде айтты.

«Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі жоспарларға өте тәнті болдық. Қаржы орталығының жұмысына қатысты барлық мәселенің жан-жақты қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Бұл жұмыстың тыңғылықты атқарылғанына ризамыз, – деді «Nasdaq» компаниясының басшысы.

Сонымен қатар, А.Фридман «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастастықты бастауға және Қазақстан биржасының жұмысына қажетті озық технологиялармен қамтамасыз етуге әзір екенін айтты.

Келіссөз барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді байланыстарды орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев А.Фридманды биылғы шілде айында болатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылу рәсіміне қатысуға шақырды.





Яндекс.Метрика