Жолдау 2018: негізгі 10 міндет

Павлодар университеттері «ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша дайындықты күшейтеді

Павлодар университеттері «ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша кадрларды даярлауды күшейтеді, деп мәлімдеді облыс әкімі міндетін атқарушы Ұлан Жазылбек «Төртінші индустриалдық революция жағдайында жаңа даму мүмкіндіктері» Жолдауын талқылау барысында.
Павлодар 16 Қаңтар, 15:21

Облыс әкімі міндетін атқарушы Ұлан Жазылбек Павлодар облысында Мемлекет басшысының алдымызға қойған 10 негізгі бағытын айқындап бергенін айтты.

«Облысымыздың басты бағдары өнеркәсіп секторын дамыту болып қала береді. Мекемелердегі цифрлық технологиялардың  дамуына басты назар аударылатын болады. Сол себепті облысымыздың барлық жоғары оқу орындары «ақпараттық жүйелер», «информатика», «есептік техника мен программалық қамтамасыз ету», «басқару жүйелерін автоматтандыру» мамандықтары бойынша дайындықты күшейтеді. 2018 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығы атты жаңа бағдарлама әзірленеді. Сынамалы жоба аясында мемлекетте бірқатар өнеркәсіп мекемесін цифрландыру жоспарланып отыр. Облысымыздың индустриалды-инновациялық даму басқармасы осы жобаға павлодарлық мекемелердің қатысу мәселесін шешеді», - деді әкім м.а. Ұлан Жазылбек.

Сонымен қатар, өңірдегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы цифрландыру кеңсесі жұмысы туралы айтты. Павлодар облысында ЭКСПО-2017 жобаларын енгізу бойынша жұмыстар басталып кетті. Жалпы көрме қорытындысы бойынша 20 жоба іріктеліп алынды, олардың екеуі сынамалы режимде жұмыс істейді: Шідерті ауылында жалпы сомасы 50 млн. АҚШ долларын құрайтын 50 МВт қуатты желдік генераторларды орнату жобасын жүзеге асыру бойынша түрік компаниясымен келісім жасалды. Успен аймағында «Галицкое» ЖШС 2 МВт қуаты бар екі желдік- энергетикалық жүйені орнатуда. Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойды. Сол себепті энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен индустриялық-инновациялық даму басқармаларына жаңа стартап жобаларды зерттеп, тарту қажет.

Жер қойнауын пайдалану басқармасы тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған жаңа концепция әзірлеп, үдеріске шағын және орта бизнесті жұмылдырады. Өңіріміздің агроөнеркәсіптік секторы шикізатты қайта өңдеу мен «Қазақстанда жасалған» сауда белгісін дамытуға басты назар аудармақ.

Денсаулық сақтау саласында онкологиялық аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары күшейтіледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарының негізіне айналады. Балалардың сабақтан тыс оқытылуына баса назар аударылады, жаңа бизнес мектептер мен қызықты үйірмелер пайда болады, демеушілік қаражат есебінен ескі секциялар мен технопарктер жаңартылады. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыста мемлекеттік жеке меншік серіктестігі аясында «Спорт-сити» атты олимпиадалық резервті дайындау орталығы, ескекші арнасы, парашют мұнарасы мен триатлондық трасса салынады», деп атап өтті.

Павлодарда үйден шықпай-ақ кәсіптік бағдарын анықтайтын онлайн тестен өтіп, жұмыс табу мүмкіндігін беретін электрондық еңбек биржасы жасалған. Сонымен қатар, спикер биыл зейнетақы жүйесінің өзгеріске ұшырағандығын павлодарлықтардың естеріне сала кетті. – Зейнетақы мөлшері адамның жұмыс өтіліне тікелей байланысты болады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшері 1.8 есе өседі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы 8 пайызға өсті. Оған қоса 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған I топ бала жасынан мүгедектеріне күтім көрсететін ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы белгіленеді. Мүгедектер, мүгедектерге күтім көрсетіп жүрген отбасылар мен отбасы асыраушысынан айырылғандар үшін жәрдемақы мөлшері 16 пайызға дейін көтеріледі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздардың жалақылары 30%-ға көтеріледі. Ал мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу факторлық-балдық шкала бойынша жүзеге асырылады.





Яндекс.Метрика