Ұлт жоспары 100 нақты қадам

«Астана» халықаралық қаржы орталығы өз қызметін ресми түрде бастағанын хабарлады

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) ресми түрде өз қызметіне кіріскендігін және компанияларды тіркеудің басталғанын хабарлайды.
Нұр-Сұлтан 16 Қаңтар, 10:47

АХҚО жанынан Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – АХҚО) өз жұмысын бастады. АХҚО инвестициялар мен активтерді, private banking, қорларды басқару және әкімшілендіру, кастодиандық қызметтер, исламдық қаржыландыруды қоса алғанда қызметтердің сан алуан түрлерін, сондай-ақ өкілдік кеңселердің жұмыстарын лицензиялайды, деп хабарлады АХҚО. 

АХҚО аясында посткеңестік кеңістікте алғаш рет ағылшын коммерциялық құқығы қағидаттарына және Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттары негізделген дербес құқығы бар арнайы юрисдикция енгізілді. Коммерциялық және азаматтық дауларды қарастыратын АХҚО-ның тәуелсіз соты және Халықаралық төрелік орталығы құрылды.

АХҚО  базасында әлемнің үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық биржа (бұдан әрі – AIX) іске қосылды. Шанхай қор биржасы және NASDAQ AIX-тің стратегиялық серіктестері атанды.

Астанаға халықаралық сарапшыларды тартуды жеңілдететін «Экспат орталығы» құрылды. АХҚО «бір терезе» жүйесін, оңайлатылған виза беру режімін,  тіркеу, жұмыс істеуге рұқсат алу және басқа да рәсімдерді ұсынады.

АХҚО-ны дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары: капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың дәулетін басқару, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар болып табылады.

Естеріңізге салсақ, 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады. АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.

 





Яндекс.Метрика