Рухани жаңғыру

Астанада «Сақтар қазынасы» арнайы қоймасы ашылды

ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына арналған ІІ республикалық форум аясында «Сақтар қазынасы» арнайы қоймасы ашылды.
Астана қаласы 16 Қаңтар, 14:28

Форумда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша          2017 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған жоспарлары талқыланды, деп хабарлады Ұлттық музейден.

«2017 жылы Қазақстанның киелі жерлерін анықтауға байланысты өткен І Республикалық форумда жобаның мақсат-міндеттерін, жоспарларын айқындап алған болатынбыз. Жоспарға сәйкес  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен біршама ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстанның киелі жерлер географиясы жобасын тиімді жүзеге асыру мақсатында арнайы жұмыс тобы және жобалау кеңсесі, ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы құрылды. «Қасиетті Қазақстан» орталығы жанынан ғылыми сараптамалық кеңес құрылды. Оның жұмысына ғалымдар, тарихшылар, археологтар, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар тартылды.  Осының нәтижесінде жүйелі жұмыстар атқарылып, нәтижесінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптар мен «Қасиетті Қазақстан» атты энциклопедияның І томы жарық көрді» - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қ. Уәлиев.

Сонымен, Республикалық форум аясында «Рухани жаңғыру» атты көрме ашылды. Көрмеге тарихи құнды жәдігерлер қойылған. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сақтар қазынасы» атты ерекше қойманың ашылу салтанаты өтті. Ерекше қойманы тамашалап келушілердің назарына бірінші рет сақ, сармат дәуіріне жататын жәдігерлердің түпнұсқалары ұсынылды.

Форумға қатысушылар атап өткендей, 2017 жылы жасалған негізгі жұмыстардың бірі - Қазақстанның қасиетті нысандары бойынша республикалық этномәдени экспедициялар. Форумда «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптар мен «Қасиетті Қазақстан» атты энциклопедияның І томының тұсауы кесілді.

Жалпы ұлттық маңызы бар объектілер бойынша «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» көп функционалды виртуалды картасы таныстырылды.

Өңірлік маңызы бар объектілер бойынша «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» интерактивтік карта халық назарына ұсынылды.

Әлеуметтік желілер үшін Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті объектілері туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 40 секундтық хронометражды мобильді форматтағы бейнероликтер жұртшылыққа таныстырылды.

Айта кетер болсақ,  өңірде жүрген бір топ өлкетанушылар тұңғыш рет жарыққа шыққан «Үздік өлкетанушы» естелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық музей директорлары мен басқа да мәдениет қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.





Яндекс.Метрика