Үкімет

Қазақстандық ЖОО-лар 2019 жылы академиялық еркіндік алады

2019 жылдан бастап ЖОО-лардың академиялық және басқару еркіндігін кеңейту бойынша шаралар қабылдау жоспарлануда. Бұл туралы білім және ғылыми вице-министрі Бибігүл Асылова Үкімет отырысында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан15 Қаңтар , 13:06

«Либераландыру үрдісі аясында  2019 жылдан бастап ЖОО-лардың академиялық  және басқару еркіндігін кеңейту бойынша шараларды қабылдау жоспарлануда. Жыл ортасына қарай, бұл заң жобасы шығады деп үміттенеміз», - деді Бибігүл Асылова.

Вице-министр айтып өткендей, «Балапан» бағдарламасы жеке инвестиция тарту  бойынша тиімді үлгілердің бірі.

«Бағдарлама ашылғалы бері жеке инвестиция есебінен 2336 жеке балабақша тұрғызылды.  7 жыл ішінде 900 млрд теңге бөлінді», - деді вице-министр.

Ол айтқандай,  бюджет қаражатын тиімді әрі оңтайлы пайдалану, сонымен қатар туындаған үнемдеу мақсатында ұйым басшысының белгілі бір дербестігі болуы қажет. Жан басына шаққандағы қаржыландыру басқарушылық және қаржылық шешімдер қабылдау үшін осындай дербестікті қарастырады.

«Осыған байланысты мектептердің ұйымдастырушылық-құқықтық формасының шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға өзгерту мүмкіндігіне байланысты жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар әзірленген. Бұл орайда мектептердің барлық салық жеңілдіктері, қызметкерлерінің әлеуметтік жеңілдіктері  (сауықтыруға төленетін жәрдемақы, баспана алу кезегінің сақталуы) сақталады. Сонымен қатар мектептерді бюджетке таза кіріс бөлігіне қатысты аударымдардан босату шамаланып отыр», - деді ол.

Б.Асылова айтып өткендей,  орта білім беруде жеке меншік секторды дамыту үшін маңызды элемент жан басына шаққандағы нормативтерге күрделі қаржы сипатындағы шығындарды қосу болып табылады, мұндай шығындарға оларды жинақтау арқылы, өз қаражатын тартуды ескерумен, жаңа жеке меншік мектептер құрылысын жүргізу жатқызылады. Бұл қадам жеке меншік мектептер желісінің дамуына серпін береді, бұл өз кезегінде жартылай мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтып, оқушылар орны тапшылығының төмендеуіне әкеледі.

«Министрлік бұл бағытта жоспарлы жұмыстар атқаруда. Мәселен, Шымкент қаласында ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен жеке меншік мектептерде 3310 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарланып отыр», - деді Б.Асылова.  

Астана қаласында сонымен қатар 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен 3721 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланған.

Апробациялар нәтижесінде алынған Астана және Шымкент қалалары мысалындағы мектептерді басқарудың жаңа тәжірибесі республиканың өзге өңірлерінде, атап айтқанда, демографиялық өсім жоғары облыс орталықтарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды толыққанды енгізуде қолданылатын болады.

Қайрат Жандыбаев 




Яндекс.Метрика