Президент Жолдауының міндеттері

Азаматтардың кәсіпкерлікке дең қоюына басымдылық берілуі керек - Н.Әлмұхамедова

Өндірісті цифрландырудың нәтижесінде жұмыссыз қалған азаматтардың кәсіпкерлікке дең қоюына басымдылық берілуі керек. Бұл туралы «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының жетекші маманы Найля Әлмұхамедова «Астана радиосының» тікелей толқынындағы «Стратегия» пікірталас клубының отырысында хабарлады.
Астана қаласы12 Қаңтар , 14:30

«Президент бірінші міндеті индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.  Осы орайда индустрияландыру біздің елімізде бірнеше жыл қатарынан жүргізіліп келе жатыр және өз нәтижесін беруде дегім келеді. Ал, осы автоматтандыру, цифрландыру процестеріне одан әрі ену үшін техникалық базаны дайындауымыз керек. Яғни, бұл цифрландыру барша өндіріс процесін бір компьютерде көріп отыруға мүмкіндік береді», - деді сөз басында Найля Әлмұхамедова.

Сонымен қатар, спикер цифрландырудың салдарына кеңірек тоқталды.

«Өндірісті цифрландырудың нәтижесінде білікті мамандарға сұраныс артады және өндірісте жұмыс істейтін адамдардың бірқатары жұмыссыз қалады. Осы орайда, мемлекет тарапынан жан-жақты ойластырылған саясат керек дер едім. Яғни, жұмыссыз қалған азаматтарды қайта оқытып, олардың мүлдем жұмыссыз қалмауын бақылауға алынуы қажет. Осы ретте, олардың кәсіпкерлікке кетуіне басымдылық берілген жөн. Бұдан басқа, біз өндірісті білікті мамандармен қамтамасыз ете алуымыз тиіс», - деді  Н.Әлмұхамедова

Айта кетейік, «Стратегия» пікірталас клубының кезекті отырысы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерге арналды.

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика