Парламент

Сенаторлар аймақтарда әскерилермен, дәрігерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары аймақтарға сапары аясында еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, Президенттің халыққа Жолдауын түсіндіруде және Парламенттің 2017 жылы жүргізген заңнамалық қызметінің нәтижесімен бөлісуде.
Казахстан 11 Қаңтар, 20:34

Сонымен, Алматы облысында жұмыс бабындағы сапар барысында Парламент Сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов пен Нұрлан Қылышбаев облыстың Райымбек, Ұйғыр, Панфилов аудандарында болып, жұртшылықпен кездесті және жаңадан ашылған әлеуметтік нысандарда болды. Сенаторлар аудандар активтерімен, елді мекендердің тұрғындарымен, ҰҚК Шекара қызметінің 2534 әскери бөлімінің құрамымен, Алматы сейсмология институтының ұжымымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Жұртшылықпен жүздесулер барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған тапсырмалар жан-жақты талқыланып, маңызды міндеттер белгіленді. Кездесуге қатысушылар 2017 жылы Парламентте қабылданған заңдар, биылғы зейнетақы мөлшері, әлеуметтік төлемдер, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері және басқа да өзекті мәселелер бойынша хабардар етілді. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша сенаторларға сауалдар қойды.

Сұрақтардың көпшілігі Жолдауда баяндалған он міндет, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен дотациялар, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жаңа реформалар мен бағдарламалар туралы болды. Депутаттар барлық сұрақтарға нақты түрде жауап беріп, мемлекеттік саясаттың мән-жайын және іске асырылып жатқан бағдарламалардың маңыздылығын баяндап берді. Сондай-ақ, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбаттар берді.
Сенатор Сергей Ершов Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті.

Облыстық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері депутатқа жаңа облыстық аурухана құрылысын салу мәселесін шешуге жәрдемдесу туралы өтініш айтты. Дәрігерлер қауымы ана мен бала өлімін азайтуға байланысты қолданыстағы заңнаманы өзгерту туралы өз ұсыныстарын да айтты.

Қарағанды политехникалық колледжінде С.Ершов білім беру саласының қызметкерлерімен әңгімелесті. Сенатор ел Президенті Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауының негізгі ережелерін жан-жақты түсіндірді және Парламенттің 2017 жылы қабылдаған заңнамалық актілерінің мазмұны туралы хабардар етті.

Мұғалімдер колледждер мен мектептердің, әдістемелік кабинеттердің және балалар бақшаларының жекелеген педагог мамандары еңбекақысының төмендігіне назар аударды. Мүмкіндігі шектеулі оқушылармен жұмыс істеу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі атап өтілді.

С. Станиславский атындағы театрда өткен мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауының мазмұны жайында жан-жақты әңгіме болды. Сонымен қатар сала қызметкерлері еңбекақысының төмендігі, мәдениет, кітапхана және мұрағат істері, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы айтылды.

Ал, сенатор Рашит Әкімов жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысындағы Атбасар, Есіл және Жақсы аудандарында болды.

Депутат Атбасар ауданында 2017 жылғы тасқын судан зардап шеккен жандарға арналған үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ диодтық шамдар мен металл қондырғылар шығаратын «ҚазТехникс» мекемесінде болды. Есіл ауданының әкімшілік орталығында бірқатар жаңа нысандар бой көтеруде. Олардың ішінде әкімдік ғимараты, орталық жылыту қазандығы және қалалық жылу құбыры бар. Р. Әкімов құрылысшылармен әңгіме барысында бұл нысандардың аудан тұрғындары үшін маңызы зор екенін айта келіп, «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуы арқасында көптеген мүмкіндіктер ашылып жатқанына назар аударды.

Депутат Есіл қаласындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде аудандық аурухананы, балалар үйін, № 3 орта мектепті, мәдениет үйі мен орталық кітапхананы аралап көрді. Әкімдік басшылығы мен мәслихат депутаттарымен кездесуде ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылға жоспары туралы әңгіме өрістеді.

Жақсы ауданында жергілікті тұрғындармен және кәсіпкерлермен әңгіме одан әрі жалғасты. Кездесуге қатысушылар сенаторға астық сақтау қоймасы, диірмен және арпа мен бидайды өңдеу зауытының құрылысы туралы айтып берді. Бұл ірі өндірістік нысандарды өз қаржысына салып жатқан «Агрофирма TNK» және «Урожай» жауапкершілігі шектелген серіктестіктері жыл аяғына дейін құрылысты аяқтауды жоспарлап отыр. Агроөнеркәсіп саласының қызметкерлерімен әңгіме барысында

Р. Әкімов Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға шақырғанын атап өтті. Ауыл тұрғындары өз кезегінде Жолдау мақсаттарын қолдайтындарын және оны табысты іске асыру үшін бар күш-жігерін салуға әзір екендерін айтты.

Бұдан басқа, Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев пен сенатор Еділ Мамытбеков «Астана әйнекпакет компаниясы», «Бахус» және «Ақмола вагонжөндеу зауыты» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Депутаттар кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштерімен және 2018 жылға арналған жоспарымен танысты. Сенаторлар еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында Сенаттың заң шығару қызметі, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысы туралы әңгімеледі. Жұмыспен қамту, зейнетақы реформасы, өндірісті жаңғырту мәселелері де жан-жақты талқыланды.
 

Суреттерді ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қөыметі ұсынды





Яндекс.Метрика