Жолдау 2018: негізгі 10 міндет

М.Құл-Мұхаммед: Өнеркәсіптік революция барынша жаңа технологияларды енгізуді талап етеді

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент Жолдауын түсіндіру мақсатында Алматы облысына барды.
Алматы 11 Қаңтар, 14:58

Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен бірге өңірдегі бірқатар нысандарды аралап, Қарасай ауданындағы жаңадан ашылған мемориалды кешен мен тарихи-мәдени орталыққа, сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Нұр Отан" партиясы.

Естеріңізге салсақ, «Батыр бабалар» мемориалды кешені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып, 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. 

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құлмұхаммед, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп нақты айтылғанын атап өтті. 

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау – жылдың ең маңызды құжаты. Сондықтан да Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдің Жолдауда айтылған негізгі міндеттерді жүзеге асыруға дайындығын іс жүзінде тексеруді жөн санады.

Және Жолдаудағы үшінші міндетке айрықша мән берілді. Соған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары кондитерлік өнімдер шығаратын «Алматылық өнім» («A Product») кәсіпорнына арнайы барды. Бұл жерде кондитерлік өнімдердің 150-ден астам түрі өндіріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаруға есептелген.

Елбасымыз өзінің бүгінгі Жолдауында ел экономикасын дамытудың басым 10 бағытын көрсетіп берді. Соның үшінші бағыты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеуге арналған. Қазақстанның астықты ел екенін, жыл сайын миллиардтаған пұт астық өндіретінін, ұн шығаратынын барлығы біледі. Бірақ біз ендігі кезде дайын астықты ғана экспортап қоймай, оны осы заманғы технологияға сай өндеп, ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбірек ашуымыз керек. Дәл мына біз тұрған кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін Қазақстанның барлық облыстарымен қатар Ресейдің 13 ірі қаласына, Германияға, бүкіл Орталық Азиядағы елдерге және Беларусьқа шығарып отыр. Міне, экспортқа арналған өнім шығаратын кәсіпорындар осындай болу керек деп есептеймін, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед. 

Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына Елбасы Жолдауындағы барлық міндеттің жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Алматы облысының әрбір тұрғынына түсіндіру жүмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.





Яндекс.Метрика