Жолдау 2018: негізгі 10 міндет

Ғарифолла Есім: Инженерлер төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін іске асырады

Инженерлер қоғамымызда негізгі қозғаушы күш болған кезде төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері іске асады. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында хабарлады.
Нұр-Сұлтан10 Қаңтар , 17:16

«Бүгінде жоғарғы оқу орындарында басты мәселе инженерлік мамандық, бізге инженерлік сана керек. Төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз индустрия, өндіріс. Оның тетігінде тұратын командир- инженер. Бізге инженерлік мамандық, инженерелік ойлау, инженерлік дәстүр керек. Инженерлер қоғамымызда негізгі қозғаушы күш болған кезде төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері іске асады. Осыны Президент Жолдауда атап көрсеткен. Қоғамның кем дегенде отыз пайызы инженер болуы тиіс. Сонау Мысырдағы  пирамиданың өзін  инженерлер салды, оны философтар салған жоқ. Бұл бірінші мәселе», - деді академик Ғарифолла Есім.

Сонымен қатар, академик бүгінгі педагогиканың жағдайына назар аударды.

«Екінші мәселе педагогика. Елбасының халыққа Жолдауында педагогиканы қайта қарау керек делінген. Осыны көптен күтіп жүр едім.  Біздің бүгінгі педагогикамыз ноль болып отыр. Бүгінде сәл ғана жағдайы бар шенеунік немесе ауқатты азамат болсын, олардың бірде біреуі балаларын педагогикаға бермейді. Ал, мектепті жақсы оқитын азамат педагог болмаса біз төртінші өнеркәсіп революциясын жүзеге асыратын мамандарды қайдан даярлаймыз. Педагогиканы қайта қарау керек,  Президент осы мәселені   айтып отыр», - деді Ғарифолла Есім.

Академиктың айтуынша, үшінші мәселе баршаға дерлік кәсіптік-техникалық білім беру  жүйесін жүргізу болып отыр.

«Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіптік- техникалық білім беру жүйесін атап көрсеткен. Рас, бізге жұмысшы мамандар керек. Онсыз болмайды», - деп атап көрсетті Ғ.Есім төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін іске асырудағы негізгі үш  міндетті.

Өз ойын қорытындылай келе академик Ғарифолла Есім латын әліпбиіне қатысты пікірімен бөлісті.

«Латын әліпбиіне өту тәуелсіздіктің келесі тынысы. Тәуелсіздіктің нағыз мәдени және рухани тынысы осы латын әліпбиі. Осыны баршаға түсіндіру керек», - деп түйіндеді Ғ.Есім.

 

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика