Басқару

Қазақстан әлемді ядролық қарудан азат ету бойынша елдерді біріктіруді жалғастырады - Елбасы

Қазақстан ғаламды ядролық қарудан азат ету бойынша елдерді біріктіруді жалғастырады, деді бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдау барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұр-Сұлтан 10 Қаңтар, 13:37

«Қазақстан халықаралық аренада белсенді рөл ойнайтыны дәстүрге айналды. Бұл  бізге өзекті, жаһандық  және өңірлік   мәселелерді шешуге мүмкіндік беріп,  өркениет диалогындағы  тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды ілгерілендіруге  мүмкіндік береді. 2017 жылды осылай аяқтадық», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, біздің ел ТМД  кеңістігінде алғаш рет ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізді.

«Ядролық қаруды таратпау  режимін нығайту бойынша Қазақстан  жаһандық  жұмыстың  негізінде тұр.  2017 жылдың  29 тамызында Ядролық сынаққа қарсы күрестің халықаралық күні  Астанада төмен  байытылған уран банкінің алғашқы ғимараты ашылды. Сириялық жағдайды  реттеу бойынша  Астана үрдісінің іске қосылуы өткен жылдың саяси маңызды оқиғаларының біріне айналды», - деді Елбасы.

Сондай-ақ,  Елбасы   Қазақстан таратпау режімін дәйекті түрде нығайту мен кеңейту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат етуді қалайтынын айтты.

«Қазақстан биылғы қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы рөліндегі тарихи қызметіне кірісті. Осы маңызды органның күн тәртібіндегі барлық мәселелерге сай жұмыс жүргізіп жатқанымызды білесіздер. Биыл жылдың 18 қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты брифингіне қатысуды жоспарлап отырмын»,- деді Елбасы.

Айта кетейік,  Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бірқатар шетел елшілері сенім грамотасын тапсырды.

Ақбота Күзекбай 

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

 





Яндекс.Метрика