Жолдау 2018: негізгі 10 міндет

Биліктің адам капиталын дамытуға айрықша назар аударуы қуантады – Е.Саиров

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жасады. Ел Президенті Жолдауына орай танымал саясаттанушы Ерлан Саиров өз пайымдауын ортаға салды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Нұр-Сұлтан10 Қаңтар , 10:48

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауда Елбасы әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін Қазақ елі атқаруға тиіс 10 міндетті нақтылап берді. Осыған орай саясаттанушы Жолдаудағы басты маңызды басымдыққа тоқталды.

«Елбасы дәстүрлі түрде Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Жолдаудағы мәселелердің барлығы өзекті және мәнді. Дегенмен де, Жолдаудағы адам капиталын дамыту мәселесін айрықша айтып өткен жөн. Қандай да болсын ел дамуы белестерін жүзеге асыру үшін адам капиталын дамыту өте маңызыды. Сондықтан, адам капиталын дамыту биліктің «күн тәртібіне» енуі негізгі қадам деп білемін», - дейді Ерлан Саиров.

Оның айтуына қарағанда Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелер, әсіресе ұстаздар жалақысын көтеру мәселесі еліміздің білім саласының ілгерілеуіне жасалып отырған шешуші қадам.

«Мұғалімдердің еңбекақысын 30 пайызға арттыру, еліміздегі интеллектуалды, сандық технологияларға енудің алғышарты дер едім. Бүгінде елімізде 800 000 мыңға жуық ұстаз еңбек етеді. Олардың жалақысын өсіру – тек материалдық емес, ағартушылық миссиясын орындаудағы нақты қадам болуы ықтимал» - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар саясаттанушы цифрлық дәуірге бейімделу барысында еліміздің ескеруі тиіс тағы бір тиімділікті атап өтті.

«Тағы бір мәселеге ерекше тоқталу қажет тәрізді. Әлемде және біздің елде халықтың әл-ауқатын дамытудың негізгі индексі ретінде Жалпы ұлттық өнім деген индекс алынады. Ал ол өлшем өз кезегінде, бүкіл халықтың жағдайын анықтай алмайды. Сондықтан, біздің елімізде, азаматтардың әлеуетін анықтайтын ұлттық индикатор қажет тәрізді», - дейді Ерлан Саиров.




Яндекс.Метрика