Рухани жаңғыру

Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

Талдықорған қаласында «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Бұл аталмыш бағдарлама үшін арнайы ашылып отырған республикадағы тұңғыш орталық. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, ардагерлер, Ассамблея мүшелері, қала жұртшылығы қатысты.
Алматы 03 Қаңтар, 09:48

 «2017 жыл Жетісу өңірі үшін үлкен жаңалықтарға, маңызды оқиғаларға толы болды. Осы жетістіктеріміз, шыққан биігіміз – Елбасының сарабдал саясаты мен Қазақстан халқының бірлігінің нәтижесі. Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі және нақты бағытын көрсететін маңызды құжат. Біз облысымызда атқарылатын істерді нақтылап алу  мақсатында ел ағаларымен кездесіп, пікір алыстық. Маңызы зор құжатты іске асыру үшін «Жастар» паркінде орналасқан ғимаратта «Рухани жаңғыру орталығын»  ашуды дұрыс деп санадық. Жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететін болады, - деді өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт пен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Дамир Дигай сөз алып, бұл орталықтың жаңа жыл қарсаңында жетісулықтар үшін үлкен сый болғанын айтып, қоғамдық сананы жаңғырту ісінің ұйытқысы боларына сенім білдірді.     

Жаңа ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін көпшілік орталықтың ішін аралап көрді. Ондағы тәуелсіз еліміздің, Жетісу өңірінің жетістіктерінен, қазақтың ұлттық құндылықтарынан хабар беретін экспозициялық залды, «дөңгелек үстел» жиыны өтетін залды тамашалады.

Мұнан соң салтанатты рәсім «дөңгелек үстел» басында жалғасып, өзара пікір алмасылды. Облыс әкімі А. Баталов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түрлі бағыттары бойынша атқарылып жатқан істердің ауқымды екенін тілге тиек етіп, бұл орайда Жақсылық Үшкемпіров, Болат Назарбаев, Бауыржан Оспанов, Сабировтар отбасының зор үлестерін де атап өтті. Бағдарламаның «Туған жер», «Киелі Қазақстан» және басқа да бағыттарында жұмыстарды жандандыра түсуге жастардың да атсалысуы керектігін, істелген істің нәтижелілігі маңызды екенін айтты.

Өз кезегінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры Мұхтар Төлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасына білім ордасы да атсалысып, 42 ғылыми жоба әзірленгенін жеткізді. Университеттің атсалысуымен Алматы облысының сакралды картасы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әзірленген. Қазіргі кезде жетісулық студенттерге «Қоғамдық сананы жаңғырту» атты жаңа пән оқытылуда. Осы және өзге де шараларды атап өтіп, бұдан былай да бұл іске үлес қосатындықтарын айтты.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Алпысбаевтың айтуынша, осы орталық мамандары және әрбір басқармадан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жауапты ретінде бекітілген мамандар Астана қаласындағы республикалық жобалық кеңсе тарапынан арнайы оқытылып, біліктіліктерін көтеріп қайтқан. Сонымен қатар ол бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыстардың ақпараттық насихатын ұйымдастырудың жоспарларына да тоқталып өтті.

 «Биылғы жылды жақсы көңіл күймен, оң көрсеткіштермен аяқтап отырмыз. Бұл ең алдымен мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдайлардың, Президентіміздің алдымызға дұрыс бағыт-бағдар, мақсат-міндет қоя білгенінің нәтижесі. Осы бірлігімізден ажырамай, еңбек етуге бар күш-жігерімізді жұмсасақ, бұдан кейін де игілігіміз мол болады деп ойлаймын, - деп сөзінің соңын Жаңа жылдық тілекпен аяқтады», - деді  облыс әкімі А. Баталов.

Жалпы, «Рухани жаңғыру орталығы» - бұл республикадағы алғашқы орталық. Ол Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағының ішінде орналасқан. Аталған ғимаратта  жобаның толықтай жабдықталған өңірлік кеңсесі орналасқан. Мұнда бағдарламаға байланысты ұсыныстар талқыланып, идеяларды жүзеге асыру жоспарлары түзілетін болады. 





Яндекс.Метрика