Энергетика

ОҚО-да биыл 87 елді мекеннің электр жүйесі жаңғыртылды

Биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында жаңартылатын - күн, жел, су энергиясын пайдаланатын жобалар кезең-кезеңімен іске асырыла бастады, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан 03 Қаңтар, 09:12

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен биыл  Сайрам және Қазығұрт аудандарында екі шағын су электр станциясы мен Шымкент қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ  биогаз қондырғылар кешені іске қосылды.  Сондай-ақ, Сарыағаш және Мақтарал аудандарында екі ірі күн электр станциясының құрылыс жұмыстары бастау алды.

Бұдан бөлек, Төлеби ауданында қуаты 2,5 мегаватт шағын су электр станциясын  2018 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 мегаватт шағын су электр станциясы мен Отырар ауданында 35 мегаватт күн электр станциясының құрылысын жүргізу жоспарда бар.  

 блыс бойынша жалпы 844 елді мекеннің 828-і  орталықтандырылған электр желісімен қамтылған.   Онда  2 млн 780 мың халық тұрады. 16 елді мекен яғни, шалғайдағы малшы ауылдар  дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. 

Биыл облыс халқын, экономикасы мен орта және шағын бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған 14 ірі қосалқы станциялардың құрылысы  қолға алынған болатын. Олардың төртеуі  220 киловольттық болса, 10-ы  110 киловольттық  қосалқы станция саналады. 

 2017 жылы республикалық, облыстық бюджеттерден 13,9 млрд. теңге бөлініп, 59 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен Сарыағаш ауданындағы 15 жобаға Ұлттық қордан 2 320,3 млн. теңге бөлінген.  Биылдың өзінде облыс бойынша  87 елді мекендегі  47 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылды.  Нәтижесінде 87 мың 100  тұрғын мен әлеуметтік, шағын бизнес нысандары тұрақты, сапалы электр энергияға қол жеткізді.

Облыс экономикасы мен орта, шағын бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында келесі ірі қосалқы станциялардың   құрылысы жүргізілуде.  Мәселен, жалпы құны  22 млрд. теңгені құрайтын Шымкент қаласындағы 220 киловольттық  "Бозарық",  110 киловольттық "Астана 1" және "Астана 2" және Сарыағаш ауданында 220 киловольттық "Қызыләскер" қосалқы станцияларының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар толық іске асқаннан кейін 1 млн. 200 мың халық, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық нысандары тұрақты және сапалы электр энергиямен қамтылады. 

2018 жылы  жалпы құны  14 млрд. теңгені құрайтын 110 киловольттық "Алатау ", "Ақжар " және "1М1 " қосалқы станциялардың құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыру  жоспарлануда.





Яндекс.Метрика