Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Соңғы жылдары жол апатының көрсеткіші азаюда

Соңғы жылдары көлік санының және көлік қозғалысының көбеюіне қарамастан, елімізде жол-көлік апаттары тұрақты азайған. 2014 жылы жол-көлік оқиғалары 13%-ға, 2015 жылы 7%-ға, 2016 жылы 5%-ға, ал биылғы жылы 11 айда ЖКО 5%-ға төмендеген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында айтылды.
Астана қаласы 29 Желтоксан, 11:39

Баспасөз маслихатына ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кеңіспаев пен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы Нұрсейіт Әбішев қатысты. Спикерлер жүру ережесіндегі айыппұл құнының төмендеуі, Республика бойынша  жол-көлік оқиғасының соңғы 3 жылдағы көрсеткіші, жол жүру саласына қатысты қабылданған нормативтік-құқықтық актілер туралы мәлімет берді.

Спикерлердің айтуынша, жолдардағы апаттық деңгейін тұрақтандыруға осы саладағы қабылданған кешенді шаралар септігін тигізген. 2014 жылғы сәуірде қабылданған негізгі құқықтық акт – «Жол қауіпсіздігі туралы» Заң өзінің оң әсерін көрсеткен.

«Ағымдағы жылы заң нормаларының өзектілігі артты. Сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігі де жоғарылады. Автокөлік құралын мас күйінде басқарушыларға, жылдамдықты шамадан тыс арттыратындарға, жолдың қарсы бетіне шығып кететіндерге, автокөлікті басқарып келе жатып ұялы телефон пайдаланатындарға, жаяу жүргіншілер жолағында жол бермейтіндерге, жол жиегі мен тротуарларға шығып кететіндерге және басқа да өрескел заң бұзушылықтарға қатысты қолданылатын әкімшілік санкциялар күшейтілді»,-дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кеңіспаев.

Жол қозғалысы саласындағы заңнамаларды одан әрі жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы ағымдағы жылы 3 шілдеде «Жол қозғалысы мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасының бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заңның негізінде жолдағы қадағалаулар күшейтілді, өзге де заңдық жауапкершіліктер айқындалды.

Ішкі істер органдары «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Байқаңыз балалар!» және басқа алдын алу шараларын үнемі өткізеді, мұндай шаралар тиімді нәтижелер беруде.

Әлібек Кеңіспаевтың айтуынша, 2017 жылғы 11 айда ІІО 2 млн-нан астам Жол ережесін бұзушылықты анықтаған.

«Соның ішінде автокөлік құралын мас күйінде басқару фактісі бойынша 28 мың, Жол ережесін өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен 38,5 мың жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылды, әкімшілік қамаққа 3200 құқық бұзушы тартылды»,-деді Ә.Кеңіспаев.

Жол қауіпсіздігіне байланысты мөлшері 21 млрд. 190 млн. теңге болатын 1,8 млн. айыппұл салынып, оның 13 млрд. 457 млн. теңгесі, яғни 63,5%-ы өндірілген.

Бұдан сырт, жол қозғалысын қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі біртіндеп енгізілуде.

«Қазіргі уақытта облыс орталықтарында, республикадағы ірі қалаларда ЖҚЕ-ін бұзушылықты тіркейтін 1940 автоматты жүйе орнатылды. 2017 жылғы 11 айда осы жүйенің көмегімен 968346 ЖҚЕ бұзушылық анықталды. Автокөлік құралдары иелерінің тұрғылықты жері бойынша айыппұл төлеу жөнінде жалпы соммасы 11,312 млрд. теңге болатын 590111 ескерту жөнелтілді»,-деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы Нұрсейіт Әбішев.

Бұл салада азаматтық белсенділердің хабарламасы бойынша 2016 жылдан бері 6 мыңнан астам ЖҚЕ бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ЖҚЕ кейбір тармақтарының күшейтілуімен қатар, әкімшілік заңнамаларды ізгілендіруге бағытталған «Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға 2017 жылғы 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойды.

«Осы Заң бойынша Жол қозғалысы ережесіндегі автокөлікті қою және тоқтау, соның ішінде мүгедектерге арналған орындарға қою, автокөлік құралдары иелерінің міндетті сақтандыру жауапкершілігінен бой тасалауы және басқа да кішігірім заң бұзушылықтарға салынатын айыппұл мөлшері төмендеді»,-деп түйіндеді Әлібек Кеңіспаев.

 

Есбол Социалхан

 





Яндекс.Метрика