Экономика

Кедендік бақылауды оңтайландыратын жаңа өзгерістер жүзеге асады (ШОЛУ)

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» жаңа кеден кодексі күшіне енеді. Құжат бойынша кедендік рәсімдер оңайлатылады, уақыт және қаржы шығындары азайтылып, бизнеске қолайлы жағдай жасалмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында айтылды.
Астана қаласы28 Желтоксан , 15:43

Заңдағы өзгерістер үш түрлі негізде жүргізілген. Олар – ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау. Қазақстан Республикасының жаңа Кеден кодексі және осы кодекске ілеспе заң.

«Жұмыс мемлекеттік органдар мен бизнес – қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Негізгі мақсат – бизнеске әкімшілік жүктемені азайту. Бұл бизнес үшін үш маңызды көрсеткіш: уақыт, ақша және құжаттар бойынша ықшамдаулар жүргізу»,-деді баспасөз маслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекішев.

ЕАЭО кеден кодексіне Қазақстан Республикасы 552 түзету жолдаған. Олардың ішінде 65% қабылданған. Ағымдағы жылғы 11 сәуірде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылды. Ол бойынша ЕАЭО жаңа Кеден кодексі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс.

ЕАЭО Кеден кодексі – ЕАЭО нормативтік-құқықтық базасының негізгі құжаттарының бірі. Ол Кеден одағының қолданыстағы Кеден кодексін және бірқатар халықаралық келісімдерді ауыстырады.

«Кедендік реттеу тәсілдердің қайта қаралуына байланысты ЕАЭО Кодексі айтарлықтай қайта өңделді.  Ұлттық заңнаманың құзыретіне 350-ден астам сілтеме норма берілген. Осыған байланысты біз қолданыстағы ұлттық кеден заңнамасына сәйкес келтіру бойынша жұмыс атқардық»,-дейді Бауыржан Бекішев.

Б.Бекішевтің айтуы бойынша жаңа заң бойынша ең басты жаңалық – электронды декларация жолға қойылды, бұрынғыдай құжаттарды қағаз жүзінде толтыру азайтылады.

«Қағазда декларациялау жекелеген жағдайларда ғана, мысалы, техникалық ақаулар кезінде ғана қалады. «Бірыңғай терезе» тетігі бойынша Кеден органдары құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған жағдайда декларанттан бұл құжаттарды қайта сұрамайтын болады. Осы екі ережені іске асыру тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді»,- деді.

Яғни, кедендік декларацияларды кеден органдарының лауазымды тұлғаларының қатысуынсыз-ақ, ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, төлемдер, кеден бажыларын тапсыру бойынша өзгерістер енгізілді. Бұрындары алдымен Кеден бажысы тапсырылып, одан кейін ғана декларациялар және басқа құжаттар да толтырылатын. Жаңа заң бойынша, кеден бажысын тапсыру мерзімі 1-6 айға дейін ұзартылды. Яғни, тауарды өткізгеннен кейін 1-6 ай аралығында кеден бажысын төлей аласыз.

«Тағы бір жаңалық, уақыт үнемдеу бойынша енгізілген жаңалық: кеден бақылау рәсімдері 24 сағаттан 4 сағатқа дейін қысқартылды, осы уақыт аралығында декларациялар мен басқа да құжаттар рәсімделіп болуы керек. Бұл кәсіпкерлердің уақыт шығынын анағұрлым азайтпақ. Сонымен қатар, тексеру жұмысы 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылды»,-дейді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин.

Жаңа заң бойынша жеке адамның декларациясын кеден офицері толтырады, бұрын ол лауазымды тұлғаның қатысуымен өтетін, оның өзі белгілі уақыт шығынына әкеп соқтыратын. Экспорттау бойынша декларация және басқа да жұмыстарға брокерлер жалдауға болады, бұны да кәсіпкердің өзі шешеді.

Бұрындары декларация тапсырылған соң кедендік органдар тарапынан жан-жақты ақпарат берілмейтін, процес жекенің қайта-қайта сұрауымен ғана жүзеге асатын. Жаңа заң бойынша кедендік органдар құжаттардың дайын болғаны туралы ақпарат беруге міндетті немесе электронды түрде ақпарат алуға болады.

Сенімді компанияларға жеңілдіктерді көбейтіледі. Дүние жүзі тәжірибесі бойынша сенім мәртебесін беру жолға қойылды. Сенім мәртебесін алған компанияларға арнайы жеңілдіктер беріледі. Олар тауарды алдын-ала декларациясыз экспортқа шығарып, немесе кіргізіп, қолдана береді. Одан кейін декларация тапсыра беруіне болады. «Дамыған елдердің тәжірибесінде 65% ға дейін осындай сенімді компаниялар қызмет етеді. Бізде қазір сенім мәртебесі жеті компанияда ғана бар. Олар тексерістерді толық қанағаттандырғанда ғана сенімге ие бола алады. Алайда сенім мәртебесін алу үшін бірқанша тексерулер мен бақылаулардан өтеді. Қаржылық деңгейі, тәжірибесі қарастырылады»,-дейді Ғ.Әмрин.

Енді кәсіпкерлер кедендік бақылауға қажетті нысандар мен құжаттар туралы алдын-ала біле алады. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары Ботагөз Хамидуллина: «ЕАЭО жалпы біріңғай бақылау нормасы енгізілді. Бұрынғы 12 түрлі нысан бойынша тесеру енді 7 ге қысқарды. Бұның барлығы кәсіпкерлерге нақты мүмкіндіктер береді. Кеден арқылы жұмыс істей алатын тұлғалардың тізімі жасалады, егер заң бұзушылық орын алса компания тізімнен алынады. Тізімнен алынған компания бір жылға дейін жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады»,-деп түсіндірді.

Сонымен қатар, тың өзгерістердің бірі, кедендік бақылау үш түрлі категорияға бөлінеді. Жасыл дәліз кедергісіз өтетін сенімді компанияларға арналса, одан кейінгі категориялар бойынша да әр түрлі шарттары қарастырылған. Ғосман Әмриннің айтуынша, жасыл дәліздегі кіріп-шығу мөлшерін 95 % ға дейін көтеруді көзделіп отыр. Қазіргі кезде ол 85% көлемінде.

Заңға енгізілген өзгерістер кәсіпкерлердің бірқатар қиындықтарын шешеді және экспорт, импортқа анағұрлым серпін береді деп сендірді спикерлер.

 

Есбол Социалхан

 




Яндекс.Метрика