Рухани жаңғыру

Алматы облысында қоғамдық кеңес кабинеттері ашылады

Алматы облысында әрбір елді мекенде «Қоғамдық келісім кабинеттерін» ашу ұсынылды. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласындағы «Салтанат сарайында» «Бірлік және келісім – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXIII сессиясында айтылды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы 27 Желтоксан, 20:19

Сессияны облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Амандық Баталов жүргізді. Жиында өңірлік Ассамблеяның бір жылғы атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы істердің бағыты айқындалды.

Сессия алдында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі және Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ықпалымен Мәскеу қаласынан елімізге жеткізілген ақын Сара Тастанбекқызының қолдан салынған суреттері, құнды жәдігерлері мен тарихи құжаттарынан көрме ұйымдастырылды.

Кіріспе сөзінде облыс әкімі А. Баталов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бірқатар жаңа ауқымды міндеттер жүктеп отырғанына тоқталды. Бұл орайда өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен басқа да қоғамдық ұйымдардың рөлі мен маңызы зор екенін атап өтті.

Жиында облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай «Қоғамдық сананы жаңғыртудағы Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттары» деген тақырыпта баяндама жасады.

Ғ. Тұрсынбайдың айтуынша, өңірдегі белсенді жұмыс істейтін 47 үкіметтік емес ұйым, соның ішінде 17 этномәдени бірлестік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға тұрақты атсалысып келеді. Барлық аудан, қалаларда аталмыш бағдарламаны ілгерілету бойынша тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды.

Қазіргі кезде облыста 627 қоғамдық келісім кеңесі, онда 4208 адам жұмыс жасайды. Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар базасы қалыптастырылып, оның құрамына 301 адам кірді. Осы жыл ішінде 1 936 қайырымдылық акциялары өткізіліп, 60 мың тұрғынға 274 миллион теңгеден астам сомаға қайырымдылық көрсетілді.

Сол сияқты сессияда ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыс ақыны Надежда Лушникова, талдықорғандық «Видергебург» немістер қоғамының белсендісі Евгений Еременко, ҚХА мүшесі, Еңбекшіқазақ аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, облыстық орыс орталығының өкілі Оксана Бондаренко, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев және басқа да азаматтар сөз алды.

Сондай-ақ осы басқосуда облыстық ҚХА төрағасының Заң бойынша екі жыл сайын жаңадан сайланатын екі қоғамдық орынбасарлары таныстырылды. Олар – Іле аудандық күрд мәдени орталығының төрайымы Саида Чатуева мен облыстық Ассамблея жанындағы журналистер клубының жетекшісі Атсалим Идигов.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов ел бірлігі мен мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып отырған Ассамблея мен этномәдени бірлестіктерді қолдауды облыс басшылығы бұдан әрі де белсенді түрде жалғастыратынын айта келе, аудан, қала әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

«Жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отырмыз. Бұл орайда этнобірлестіктердің де қосқан үлесі зор. Әлеуметтік мәселелерді шешуге, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқан бірлестік мүшелерінің барлығына да ризашылығымды білдіремін. Осы жұмыстарды біз алдағы жылы да жалғастырып, әрбір ауылда Ассамблеяның, қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, медиаторлар жұмыс жасайтын «Қоғамдық келісім кабинеттерін» ашуға тиіспіз. Қоғамдық келісім кеңестеріне тұрғындарды тартуды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық келісім кеңестерін қатыстыруды жандандыру қажет. Латын графигіне көшу ісін де жүйелі ұйымдастыруымыз керек», - деді өз сөзінде А. Баталов. Көпшілікті Жаңа жылымен құттықтаған облыс басшысы сессия соңында бірқатар азаматтарға марапаттар тапсырды.

 





Яндекс.Метрика