Парламент

Н.Нығматулин Өзбекстанның парламенттік делегациясын қабылдады

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанның парламенттік делегациясының басшысы Мәжіліс Олий Заңнамалық палатасының вице-спикері Борий Алихановпен кездесті.
Астана қаласы 27 Желтоксан, 14:32

Әңгімелесу барысында Н.Нығматулин айтып өткендей, Өзбекстан – Орталық Азиядағы біздің маңызды стратегиялық серіктес. Өзара  қарым-қатынастың кеңеюіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің кездесулері ерекше ықпал етті, дейді спикер. Оның нәтижесінде стратегиялық серіктестікті тереңдету мен достастықты нығайту бойынша бірлескен  декларацияға қол қойылды.

Өз кезегінде Борий Алиханов екі ел басшыларының  қарым-қатынасы стратегиялық маңыздағы ынтымақтастықтың үлгісі екенін атады.

«Екіжақты қарым-қатынастың нығаюына Өзбекстан Парламенті депутаттарының бұл сапары да ықпал етеді деп ойлаймыз», - деді Н.Нығматулин.

Сонымен қатар, Палата Төрағасы еліміздің халықаралық аренадағы бастамаларына, атап айтқанда 2017-2018 жылдардағы БҰҰ ҚК мүшелігі, Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сонымен қоса  Өзбекстанның парламенттік делегациясын Мәжілістің қызметімен таныстырып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында және Қазақстанның үшінші жаңғыруы міндеттерін орындау бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Тараптар әңгімелесу барысында парламентаралық ынтымақтастық топтарының әлеуетін белсенді пайдалануға, сондай-ақ, Палаталардың бейінді комитеттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.

Жалпы Парламентаралық ынтымақтастық топтарының бірінші бірлескен отырысының күн тәртібі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл, су ресурстарын басқару мәселелерін талқылауға арналды.

Өзбекстанның парламенттік делегациясы сапар барысында Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына баруды жоспарлаған.

 





Яндекс.Метрика