Халықаралық интеграция

Маңғыстауда Қазақстан мен Әзірбайжанның дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығы аталып өтті

Биыл Қазақстан мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасқа 25 жыл. Осыған орай, Ақтауда екі ел өкілдерінің қатысуымен салтанатты шара өтті, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау 27 Желтоксан, 15:58

«Қазақта «елдестірмек елшіден» - деген сөз бар. Екі ел арасындағы достық қатынастың жоғарғы деңгейі бірінші кезекте мемлекет басшыларына тікелей байланысты. Бұл жағынан екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас өз миссиясын толығымен атқарып отыр деуге болады. Маңғыстау облысы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ішкі сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айлары бойынша 41,2 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 26,1 млн. АҚШ доллары экспорт үлесіне, 15,1 млн. АҚШ доллары импортқа тиесілі. Бүгінде аймақтағы  52 мекемеде  Әзірбайжандық компаниялардың үлесі бар»,-деді шараға қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей «қос мемлекет арасында бұрыннан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген дәстүрлі достық сипатындағы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан». Жыл өткен сайын саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстың  дамуы да  артып келеді. Қазақстан мен Әзірбайжан арасында бүгінге дейін жүздеген құжатқа қол қойылып, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ортақ парламентаралық коммисиясы табысты жұмыс атқаруда.

Қос мемлекет арасындағы  ынтымақтастықтың  маңызды аспектілерінің бірі - транзиттік әлеует.  Мәселен, Әзірбайжан арқылы өтетін Кавказдық бағыт Қазақстанға Еуропалық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Әзербайжанға Орталық Азия мен Қытай нарығына шығуға жол ашады.

10 жыл бойы Бакуде жылына 350 мың тоннаға дейін ауыстырып тиеу қуаты бар және бір мезгілде 15 мың тонна астық сақтай алатын сыйымдылығы бар «Баку астық терминалы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорны жұмыс жасап келеді. Әзірбайжанды жоғары сапалы астықпен қамтамасыз етумен қатар, кәсіпорында Қазақстандық астықты Кавказ және Қара теңіз өңірлерінің мемлекеттеріне, ЕО елдеріне экспорттайды.

 Индустрияландыру картасы аясында Әзербайжан компаниясы – «Азерсун Өндіріс және Логистика Орталығы» ЖШС-нің «Ақтау теңіз порты» АЭА-да азық-түлік тауарларын сақтау үшін ауданы 178,7 мың шаршы метр болатын қоймалық орынжайлар құру жобасы іске асты. Жобаның жалпы құны 1,4 млрд.теңгені құрайды.

Қазақстан Әзірбайжанға теміржол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, текстиль өнімдері мен электр құрал-жабдықтары құрайды.

Екі ел үшін де маңызды жоба Құрық порты. Киелі Маңғыстау жерінен артылған жүк Әзірбайжан арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа елдеріне жол тартады. Алдағы уақытта да дәл осы Құрық порты арқылы байланыс арта түспек.

 

 





Яндекс.Метрика