Қазақстанның Тәуелсіздігі

Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы- азаматтар

Астана қаласы20 Желтоксан , 11:55

Қазақстан Президенті «100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесу өткізгеніне ерекше тоқталып, Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы азаматтар екенін атап өтті.

« Бұлардың ұстанатын өмірлік қағидасы – мемлекеттен талап ете бермей, оған өзінің идеяларын, шығармашылық энергиясын, қажырлы еңбегін арнау. Міне, біз қол жеткізген табыстың нағыз шынайы манифесі – осы! Тәуелсіздіктің ұрпағы да – осылар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Мемлекет басшысы озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін сан жағынан өсуден сапалық өзгерістерге көшудің маңызды талап екенін айқындап берді.  

« Қазақстанды қалыптасқан мемлекет ретінде нығайтып, біз бүкілін қамтитын жаңғыруға, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпатын жасауға кірістік. Сол үшін саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерісін бастап кеттік», – деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мәселесіне тоқталды.

«Биыл ел болып Алашорданың 100 жылдығын атап өттік. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өтуі жөніндегі аса маңызды шешім қабылдадық. Латын қарпіне көшудің терең тарихи қисыны бар. Бұл – ата-баба арманының орындалуы ғана емес, келер ұрпақты болашаққа бастайтын жол», – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті қатысушылардың бәрін Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтап, саяси тұрақтылық, қоғам мен халқымыздың бірлігі үшін жүргізіліп жатқан саясатқа толық қолдау көрсету еліміздің табысты болуының басты кепілі екенін атап өтті. 

«Барлық бастамаларымды іске асыруға күш берген сенімдеріңіз үшін, шынайы қолдауларыңыз бен жанкешті күш-жігерлеріңіз үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтамын»,  – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

 




Яндекс.Метрика