Тәуелсіздік күні

Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін үлкен мәртебе, бақыт және мақтаныш- А. Қармысова

Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін үлкен мәртебе, бақыт және мақтаныш, деді Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы, Сарға ауылы Әліби Жанкелдин атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айзада Қармысова қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтауында.
Астана қаласы16 Желтоксан , 13:20

«Биыл – ел егемендігіне 26 жыл! Бұл күн әсіресе мен үшін және Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ерекше мейрам. Дүниеге шыр етіп келген күннен бастап «тәуелсіз елдің ұрпақтары» деген аталы сөзді естіп өстім. Батыр ата-бабаларымыздың тәуелсіздік пен азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресін тарихтан оқып білдім. Қаншама баһадүр бабаларымыз қаны мен жанын азаттықтың ақ жолына сарп етті десеңші. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы орындалды. Тәуелсіздіктің ақ таңы атты! Ширек ғасырдан астам тарихы бар Қазақ елі бүгінде қарқынды дамып келеді», - деді ол.

Ол айтқандай, Тәуелсіздіктің құрдасы атану үлкен мәртебе, бақыт және мақтаныш.

« Мен 1991 жылғы бірінші маусымда  Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сарға ауылында  көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Үйде жеті қыз және бір ұл болып өстік. Менен кейін әулетімізде көптен күткен  інім дүниеге келді. Бүгінде ол қара шаңырақтың иесі. Әкем жұмысшы, анам «Батыр ана». Қазіргі таңда анам зейнеткерлікке шықты. Мен 1997 жылы Сарға ауылындағы Ә.Жанкелдин атындағы орта мектептің бірінші сыныбына бардым. Білім ордасын 2008 жылы жақсы аяқтадым. Мектеп қабырғасында жүргенде ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. Арманым сол кісілердей бала жанының жанашыры, ақылшысы, бағбаны болу еді. Сол жылы Ақтау қаласындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне оқуға түстім. Онда «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша білім алдым. Қасиетті қара шаңырақта оқып жүріп, қоғамдық шараларға  белсене атсалыстым. Қолымнан келгенше қасымдағы достарыма көмектестім», - деді А.Қармысова.

Жас маман Отанына үлкен үлесін қосқысы келеді.

«Мен үшін Отаныма аз да болса пайдамды тигізіп, елімнің болашағы үшін еңбек етуден асқан абырой жоқ. Сарға ауылындағы Ә.Жанкелдин атындағы білім шаңырағында өзімде он бір жыл бойы оқыдым. Қазір де сол ұлағатты ұстаздарым білмегенімді үйретеді. Ұжым өте ұйымшыл. Адам - бала кезінен бастап қалыптасады. Осы кезден бастап баланың болашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі қалана бастайды. Елдің болашағы білімді жастардың қолында екені анық. Бүгінгі жас - ертеңгі маман. Сондықтан шәкірттеріме сапалы білім беруге тырысамын. Әр сабақты  балғындарға түсінікті етіп, олардың білім алуға деген ынтасын ояту үшін көп ізденемін. Нәтижесінде балаларым түрлі байқауларда жүлделі орын алып та жүр. Мен әрбір бала нағыз талант иесі дер едім. Оларға тәуелсіз елімізде сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Мен болашақ жастарға сенемін. Ендігі алдымда тұрған мақсаттардың бірі – Отанға,  өз халқыма деген сүйіспеншілігі мол – жас ұрпақты тәрбиелеу деп есептеймін», - деді ол.

Жас маман Тәуелсіздік жылдары  еліміз айтарлықтай жұмыс атқырылып, толағай табыстарға қол жеткізгенін жеткізді.

«Туған топырағым Сарға ауылының бүгінгі келбеті осының көрінісі. Біздің ендігі мақсатымыз – тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, мәңгілік елімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.       Үлкен әулетке келін болып түскеніме алты жыл болды. Менің ата-енемде ұлағатты ұстаздар. Бүгінде құрмет демалысында, немерелерінің мейіріміне шомылып отыр. Аллаға шүкір бүгінде инабатты келін, ардақты жар, үш баланың аяулы анасымын. Сонымен қатар «Мәңгілік елдің» іргесін қалар балапан жеткіншектерге сапалы тәрбие, саналы біліммен сусындатып, ұлағатты ұстазға айналу - өмірлік ұстанымым», - деді ол. 




Яндекс.Метрика