Парламент

Сенат құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері туралы заңға енген өзгертулерді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті. Отырыста заңнамаға құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заңнама екі оқылымда қаралып қабылданды,деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 07 Желтоксан, 19:16

Заң жобасының тұжырымдамасы адамның конституциялық құқықтарын қорғауды нығайту, тергеу мен тараптар тартыстылығының тиімділігін арттыру, сот бақылауын одан әрі кеңейту, бұйрықтық іс жүргізу институтын енгізу арқылы тергеу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары арасындағы қосарлануды жою мен өкілеттіктерді нақты бөлу жөніндегі міндеттерді іске асыруды көздейді.

Заң жобасымен еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.

Осы заң жобасының шеңберінде оларға сәйкес: Конституцияда көзделген 72 сағаттық шекті мерзімді пайдалануды айрықша жағдайларда ғана сақтай отырып, соттың санкциясынсыз адамды ұстау мерзімі 48 сағатқа дейін, кәмелетке толмаған адамдар бойынша 24 сағатқа дейін қысқартылатын; қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша бұйрықтық іс жүргізу институты енгізілетін; адвокаттарға дәлелдемелер жинау бойынша неғұрлым кең өкілеттіктер беру арқылы қылмыстық процесс тараптарының жарыспалылығы арттырылатын; сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамдарға қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы оларға хабардар ету міндеті бекітілетін; құқық қорғау органдарының тергеп-тексерілетін іс-әрекеттің шегінен шығатын дәлелдемелерді жинау практикасы алып тасталатын; сотқа кепілді, куәландыруды және үлгілер алуды, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша өкілеттіктер берілетін; қаржылық пирамидалар, жалған ақша жасау, экономикалық контрабанда, рейдерлік және ұйымдасқан қылмыс түрлері сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтардан басқа, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды жасады деп күдік келтіріліп, айыпталып жатқан адамдарға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмайтын; арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге жол берілетін қылмыстар тізбесі шектелген нормалар көзделген. Бюджет қаражатын оңтайландыру және үнемдеу үшін заң жобасымен қылмыстық процесті электрондық нұсқадажүргізу мүмкіндігі көзделген. Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы (Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі) келісім-хат ратификацияланды.

Құжатпен «Күрті-Бурылбайтал» және «Ұзынағаш-Отар» жолдары аралықтарын қосу және қарыздар қаржысын санаттар арасында қайта бөлу көзделіп отыр. Жоба 271,3 миллион доллар сомасындағы ХҚҚДБ-нің үнемделген қаржысы мен республикалық бюджеттен 47,9 миллион доллар қосымша қаржыландыру есебінен жүзеге асады. Келісім-хаттыратификациялау 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында көзделген автомобиль жолдарын жаңғырту жөніндегі шығындарды тиімді басқаруға бағытталған. Сенаторлар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялады.

Келісім аясында автокөлік құралдарын жымқыруға байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, іздестіру және оларды қайтару жөнінде тараптардың ынтымақтасуы көзделіп отыр. Тараптардың бірінің аумағында жымқырылған автокөлік құралы табылған кезде осы Келісімде белгіленген рәсімдерге сәйкес автокөлік құралдарын қайтару жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.

 «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің жобасы жан-жақтықаралды. Кодекс жобасы салық және бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайларға сәйкестендіруге арналған. Бұл Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

 Заң жобасы жеке және заңды тұлғаларға қатысты салық заңнамасын оңайлатуды, іскерлік белсенділікті арттыруды, салық әкімшілендірулері тетіктерін жетілдіруді көздейді. Адал салық төлеуші мүдделерін қорғау мақсатында нормативтік-құқықтық актілердегі түсініксіз ережелер мен дәлсіздіктердің немесе салық төлеушінің салық органының түсіндіруі бойынша әрекет еткен, кейіннен өзгертілген қағиданың салдарынан туындаған даулы мәселелер салық төлеушілердің пайдасына шешілетін ережелер енгізіледі.

Бизнестің салық тәртібіндегі өзгерістерге уақытында дайындалуы үшін заңдарға түзетулер 1 шілдеден кешіктірмей және бір заң жобасына біріктіріліп қабылданатын болады. Мұндағы жаңалықтар шағын және орта бизнес үшін қолданыстағы арнаулы салық тәртібін сақтауға, шағын және орта бизнес үшін белгіленген алымның балама тәртібін енгізуге, міндетті медициналық сақтандыру және міндетті зейнетақы жарналарын енгізілуіне байланысты жұмыс берушілердің салық ауыртпалығын төмендетуге бағытталған.

Жер қойнауын пайдалану саласында жер қойнауын пайдалануға балама салыққа рұқсат беру арқылы геологтық барлауға инвестиция әкелу ынталандырылатын болады, жалға алу төлемдерінің тетіктері енгізіледі, сондай-ақ бір заңды тұлға аясында басқа өндіру шартындағы нәтижесіз барлау шығындары есепке алынатын болады. Арнайы экономикалық аймақтарға салық салуға қатысты жеңілдіктерді ұлғайту шарттары ұсынылды. Сенатор Асқар Бейсенбаев Салық кодексінің жобасындағы бірқатар олқылықтарға тоқталды. «Өкінішке қарай, бір әзірге жаңа Салық кодексі қарапайым салық төлеушіге түсінікті болды деп айта алмаймыз.

Салық кодексі – бұл заңдардың жинағы, нұсқаулықтар мен заңнан кейінгі актілер емес және сондықтан бірдей түсіндірілуі тиіс. Бірақ жобада заңнан кейінгі актілерге сілтеме сыртқы және ішкі ережелер – Үкіметтің 100-ден астам қаулылары мен басқа да 300-дей актілер санының көптігі сақталып отыр», - деп атап өтті сенатор. Ол Кодекс бабының саны оның мәтінінің қабылдаудың күрделігін көрсетіп отырғанын атап өтті. Сенатор Ресей Салық кодексі 432 баптан тұратынын, Беларусьте – 330, Грузияда – 310, біздікі - 773 баптан тұратынын айтты. А.Бейсенбаев сондай-ақ өзін-өзі қамтамасыз еткендер мәселесіне көңіл бөлінбегеніне назар аударды.

Салық кодексінің аясында өзін-өзі қамтамасыз етушілерге жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей немесе қандай да бір есеп тапсырмай заңды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін оңайлатылған белгіленген патенттік жүйені әзірлеу керектігі айтылды. Сенаторлар Салық кодексінің жобасы аясында жалпыға бірдей декларациялау қарсаңында 2020 жылдан бастап шағын бизнес және аграрлық сектор субъектілеріне қолданылып жүрген арнайы салық тәртібін жою және оларды кіріс пен шығыстың толық есептеуге көшіру ұсынылып отырғанына алаңдаушылық танытты.

«Салық ауыртпалығын осылай тез ұлғайтуға байланысты қадамдарды жүзеге асырғанда шағын бизнес «көлеңкеге» кетуі мүмкін. Салық міндетін күшейту әрқашан экономиканы өркендетуге ықпал ететін салықтың экономикалық міндетін әлсіретуге әкелетінін еске салғым келеді», - деді А.Бейсенбаев.

Осы мәселе бойынша сенаторлардың сөйлеген сөздерін қорытындылай келіп, Парламент Жоғарғы Палатасының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының Салық кодексіне қатысты тапсырмасын толықанды орындай алмағанын атап өтті. Құжатты екі оқылымда қарап, сенаторлар Салық кодексінің жобасын түзетулерімен Мәжіліске жіберді.

Салық кодексінің жобасына мынандай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады: фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды есепке алу және өткізу бойынша көрсетілетін қызметтерді ҚҚС-тан босату; 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін де, 2012 жылғы 1 қаңтардан кейін де еркін қойма иелері ретінде тіркелген, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін ҚҚС-тан босатуды ұсыну; электр, жылу энергиясын, жүйелік көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасау күні мен осындай көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызуды ҚҚС сомаларына жатқызу күні арасындағы уақыт алшақтығын болғызбау; жеке тұлғалар салық салу объектілеріне меншік құқықтарын берген жағдайда осындай жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу үшін салықтық базаны айқындау; алкоголь өнімін сақтау және көтерме (бөлшек) саудада өткізу жөніндегі қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға берілетін лицензияны пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін айқындау; жоғары мөлшерлемелер бойынша мемлекеттік баж салынатын, үлкен сұранысқа ие тіркеу нөмірлік белгілері (автомобильдерге арналған), оның ішінде бірдей әріптік белгілеулер тізбесін кеңейту; букмекерлік кеңселер үшін электрондық касса бойынша 1,5 есеге ұлғайтылатын мөлшерлемелерді қоспағанда, ойын бизнесіне арналған салықты 2 есеге арттыру; Қазақстан Республикасының аумағында қалдықтарды қайта өңдеу ауқымын ынталандыру және дамыту, сондай-ақ қайтарымсыз алынған мемлекеттік техногендік минералды түзілімдер құнын жер қойнауын пайдаланушының кірісі ретінде тануды болғызбау; салықтық шегерімді және кірісті түзетуді қолдану кезінде медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстар бойынша жеке тұлғаның кірісін ЖТС салудан босату шегін айқындау; мемлекеттің қаржылық қажеттіктерін уақтылы айқындау және мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орталық мемлекеттік органға салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді уақтылы ұсыну бөлігінде түзетулер ұсынылады.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексін қолданысқа енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжатта Салық кодексінің күшіне енгізу тәртібі белгіленген. Заң жобасына сәйкес Салық кодексі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі, дегенмен жеке табыс салығына, есеп шот фактуралар мен акциздер мөлшерлемесіне, дивидендтерге салық салу мен құнының өсуіне, арнайы экономикалық аймақтарға қатысты құжаттың бірқатар баптары 2019, 2020 және 2020 жылдары жылдары күшіне енеді.

Заң жобасын талқылау және екінші оқылымға әзірлеу барысында оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады. Салық төлеушілерді шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беруге кезең-кезеңмен көшуге дайындау мақсатында шот-фактурада тауарларға қатысты СЭҚ ТН кодын көрсетудің міндеттілігі жөніндегі норманы 2019 жылға дейін тоқтата тұру ұсынылады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі айналымдарды, сондай-ақ қызметі бойынша ойын бизнесіне арналған салық салынатын, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге жатпайтын тұлғаларды қосылған құн салығынан босатуды көздейтін нормаларды алып тастау ұсынылады. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация тапсыратын субъектілер ретінде, тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимін қолданатын салық агенттерін анықтау бөлігінде өзгерістер енгізілді. Бұдан басқа, Салық кодексі жобасы баптарының қолданысын тоқтата тұруға және қолданысқа енгізуге қатысты бірқатар түзетулер енгізілді.

Сенаторлар Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелерінің агроөнеркәсіп кешені мәселелерін шешу үшін бөлінген мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға қатысты депутаттық сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың жауабын тыңдады.

Отырыс барысында сенаторлар Нұржан Нұрсипатовтың Қазақстан Ұлттық ұланы мен ҰҚК Шекара қызметін қаржыландыру туралы; Мұрат Бақтиярұлының Қостанай облысының Жангелдин ауданы тұрғындарының Ресей зымырандарының қалдықтары құлайтын аумақ үшін Торғай өңірінен жер бөлуге қарсы екені туралы депутаттық сауалдары жария етілді.
 

 





Яндекс.Метрика