ҚР ИИДМБ

Индустрияландыру күні: Қазақстандағы кәсіпкерліктің әлеуеті (ФОТО)

Эксклюзив
Жыл аяғында атқарылған шаруаларды қорытындылау өз алдына, жаңа өндіріс көздерін ашып, алдағы жылдарға жүйелі жоспар құру, кейінгі жылдары біздің Үкіметтің дәстүрлі игілікті ісіне айналды. Соңғы жылдары осындай тікелей байланыспен ел аумағында жүздеген кәсіпорын ашылды. Қазір, солар елдің экономикасына, халықтың әл-ауқатының артуына үлес қосып отыр. Дәстүр бойынша биыл да желтоқсанның алғашқы күндері Астана аймақтармен тікелей байланысқа шығып, өңірлердегі өндіріс көздерін Елбасы тікелей телекөпір арқылы ашты. Бұл жолғы индустрияландыру күнінде әр аймақтан 25 нысанның тұсауы кесілді.
Астана қаласы07 Желтоксан , 16:05

Аймақтардағы елдің дамуына үлес қосады деп үкілеп отырған 25 өндіріс көзі бір мезетте, бір жиіліктің бойында Астанамен байланыста болды. Олардың тікелей телекөпір кезінде ашылғанына жеті мыңнан астам жұмысшы куә болды. Сонымен, Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір барысында қандай жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөндірістік нысандар ашылғаны, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қандай мәселелерге назар аударып, қандай тапсырмалар берді. Тарқатып көрейік.

Бүгінгі айтпас бұрын, бұрынғыны да еске сала кетейік. Өткен 7 жылда индустрияландыру бағдарламасына 5,2 трлн. теңге жұмсалыпты. Есесіне, жалпы есептегенде 9,5 млрд теңгені құрайтын өнім өндірілген. Еліміздің 100 мыңнан астам тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасқан. Біздің осы кәсіпорындардың өнімдері әлемнің 112 еліне экспортқа шығарыла бастаған. Бұл жолы өндіріс көздері және технологиялық кәсіпорындар деп жобаларды топтастырған екен.

Индустриалды жобалар

Нысандардың ішінде бірінші болып    «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасы  іске қосылды. «Қазақалтын Технолоджи» кәсіпорнының басшылары бастапқыда жылына 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіруді көздеп отыр. Жер үстіндегі ғана емес, қойнауындағы қазба байлықтарды да өзіміздің отандық кәсіпорындар игере бастады деген сөз. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, алтын түгіл темірімізге дейін шетелдіктердің қанжығасында кеткені белгілі.  

Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС және Атырау облысында («Жігермұнайсервис» ЖШС) роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрастырмалары өндірісі ашылды.

Атыраудағы кәсіпорын енді ғана іске қосылып жаңа дамып келе жатқан зауыт. Компанияның жоғарытехнологиялы өндірісі еліміздегі мұнайгаз машинақұрылысын дамытуға үлес қосып отыр. Қазірдің өзінде 120 жұмыс орны ашылып, 5,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Өнімдерінің 20%  ЕАЭО елдері мен Қытайға экспорттауға мүдделі. Осы модернизациядан өтіп, робаттандырылған жүйе енгізілгеннен кейін өндіріс көлемі жылына 6 мың тонна өнімге дейін артады. Елбасының да көздегені осы болатын. Жылдан жылға, Үкіметке де, жергілікті атқарушы билікке де, ірі кәсіпорындардың құлағын ұстаған бизнес өкілдеріне де үнемі өңдеу саласын күшейтуді айтудан танбай келеді.

«Бүгінде күн тәртібінде шикізатты өңдеу және оны сату, жай ғана сату емес қосымша құн қосу, көбірек ақша табу мәселесі тұр. Сондықтан да бұл нысандардың маңызы зор», - деді Мемлекет басшысы.

Былтырдан бері ел ескірген көліктерін тапсырып, орнына жаңа тұлпарлар мініп жатты. Бұл да үкіметтің арнайы бағдарламасымен жүзеге асқан болатын. Енді міне, сол ескі қалдықтардың өзін пайдаға жаратудың көзі табылды. Бір жылда 40 мың адам ескі көліктерін өткізіпті. 9 айда аталған кәсіпорын салынып, осы аптада Елбасының алдында атқарылған жұмысқа есеп берді, болашаққа жоспарларымен таныстырды. Зауыт жылына 50 мыңға дейін автомобиль бөлшектеуге қауқарлы екен.

Бұл еліміздегі осы шаруашылықпен айналысатын алғашқы жоба. Елбасы Н.Назарбаев телекөпір барысында, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде небары 700 мыңдай ғана автомобиль болғанын, енді міне 5 млннан асып отырғанын тілге тиек етті. Олардың дені ескірген көліктер. Ескі дүние қоқыс боп эстетиканы ғана бұзып қоймай, ауаның ластануына да себеп болады. Яғни, уақытымен оларды да жойып, өңдеп отыру керек. Қазірдің өзінде бізде көліктің 18 түрі шығарылады екен. Осы тұсауы кесіліп отырған кәсіпорынның сұранысы да аз болмайын деп тұр.

Ел экономикасының драйверіне айналады деп биыл жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенге де үлкен көңіл бөлініп жатыр. Бұл үшін арнайы бағдарлама да қабылданған болатын. Азық-түлік өндірісі мен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша Солтүстік Қазақстан облысында және Шығыс Қазақстан облысында жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған сүт зауыттары ашылды. Ал Батыс Қазақстан облысындағы жаңа құс фабрикасы іске қосылды. Ауыл шаруашылығына келгенде Мемлекет басшысы өңдеу мәселесіне баса назар аудару керегін айтты.

«Әлемде тамақ жемейтін адам жоқ. Жыл санап халық саны артуда және олардың талабы да артуда.  Сондықтанда біз өз өнімімізді өңдемей кеңейе алмаймыз. Біз және біздің аграрлық мүмкіндіктеріміз, осы біздің болашақ мүмкіндіктеріміз. Аграрлық кешен арқылы егер бүкіл әлемде жасалып жатқандай өңдейтін болсақ қатты дамимыз. Мәселен, Ресейде егін түсімі өте жақсы болды, нәтижесінде бізде баға төмендеп кетті. Ал, дайын өнімнің бағасы төмендеген жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақтың түгін тартса, майы шығатын жерлері ғана емес, қойны-қонышы түгел байлық, деп жатамыз ғой. Асырып айтқандық емес. Мәселен, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы «көк майса, жасыл жайлау» болмағанымен, жер бетіне шығып жатқан тау-тау мәрмәр тасымен ақ әлемді аузына қарата алады. Тек оны да өндіріп алмаған едік. Енді міне, оның да ай-күні жетіпті. Тегінде, бұған дейін де Алматы мен Астананың тас ғимараттарына жапсырылып келген гранит, енді тұрақты өндіріс күйінде шығатын болды. Өйткені, кәсіпорын түгелдей модернизациядан өтіп, жаңа техника мен технологиялармен жабдықталды. Өнімдің 60% экспортқа шығару көзделіп отыр.

Қазір, елді газбен қамту мәселесі де аса өзекті. Өзімізде ілеспе газдың текке ауаға жанып кетіп жатқанына қарамастан, еліміздің шығысы мен орталығына көгілдір отын жеткізу үлкен мәселеге айналды. Дегенмен, бұл да әзірге Үкіметте жоба күйінше қарастырылып жатыр. Әләзірге, осы телекөпір кезінде Бозойда жаңа қондырғы орнатылып, оның ел игілігіне жұмыс істейтініне куә болдық.

ҚазТрансГаз Ұлттық компаниясының хабарлауынша, өз газымызды тұрақты тасымалын қамтамасыз ету үшін және жылыту маусымы кезінде елдің оңтүстік өңірлерінде газ тапшылығын болдырмау мақсатында «Бозой» жер асты газ қоймасын  ауқымды реконструкциялау жүзеге асырылған.  

Жоба шеңберінде газ сапасын арттыру, бөтен қоспалардан және ылғалдан тазарту үшін газ сақтау қоймасының технологиялық схемасы қазіргі заманғы «Газды құрғату қондырғысымен» жарақтандырылды.

Объектіні пайдалануға енгізу рәсімі өткен соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, бүгін еліміз үшін өте маңызды мәселенің шешуі табылғанын айтты.

 «Қазақстан, мұнай және газ шығаратын ел бола отырып, көптеген жылдар бойы газды көршілес елдерден алуға мәжбүр болды. Бұл проблема «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырын салып біткеннен кейін шешіліп отыр. Енді газбен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете отырып, біздің газ экспорты үшін көкжиекті кеңейтуге мүмкіндігіміз бар. Бұрын қысқы кезеңде оңтүстік өңірлерінің жұртшылығы қыс уақытында жаурап отыратын» ,- деді Президент.

Жүргізілген жұмыс объектінің тиімділігін және қауіпсіздігін арттырды, сондай-ақ тәулігіне 27 миллион текше метрге дейін газ алу мен айдауды қамтамасыз етті. Газ сапасы жақсарып, өнімділік ұлғайды және газды жер астына айдау мен оны қайта алу уақыты 200 күннен 150 күнге дейін қысқарды.  

Бұдан басқа да жалпы алғанда 10 индустриялық жобаның тұсауы кесіліп, үлкен өмірге жолдама алды. Елбасының алдында телекөпір арқылы өз жоспарларымен бөліскен кәсіпорын басшылары өнімді еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосуға уәде берді.

Инфрақұрылымдық жобалар

Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы Құрық порты (Маңғыстау облысы) паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан арқылы бүгінде 5 теміржол, 6 тас жол дәлізі өтеді. Оның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»  жобасы да бар. Бұл бағыттағы жүк тасымалдау уақыты 14 күннен 10 күнге дейін қысқарған. Еліміздің транзиттік әлеуметін арттыратын жобалардың қатарына бүгін Құрық порты қосылды. Бұл жерден енді жылына 1 млн. 200 мың тонна жүк жөнелтілмек.

«Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы. Әрқайсысы өте үлкен шаруа. Ұрпаққа мәңгілікке қалатын нәрсе жасалып жатыр. 50-100 жыл өткенде осы жолмен елдің бәрі жүретін болады. Сол кезде бабаларымыз салып кеткен деп айтып жүреді. Оның бәрін Еуропада естіп жүрміз»,- деді Мемлекет басшысы ашылу салтанатында.

Сондай-ақ,  Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес, өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының  ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастады. Маңғыстаудағы «Ақтау - Бейнеу» автожол жобасының «Ақтау – Шетпе» учаскесі іске қосылды. Ал, Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығын салды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысындағы легирленген алюминий өндірісі мен осы алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын  кәсіпорынын іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ, Ақтаудағы дәнекерлеу құбырлары өндірісі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрі-дәрмек кәсіпорнының жаңа цехы ашылса, Қызылорда облысында цемент зауыты, Атырау облысындағы мұнай-химия өндірісінің құрылысы басталды.

Индустрия 4.0 бөлімі.

Қостанай облысының Қашар кенішінде «ақылды» карьерді іске қосылды. Бұған осындағы кәсіпорынға жаңа технологияларды енгізіп, озық техникаларды қолданғанның арқасында қол жеткізілді. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысындағы  Малеев кен орнында Pitram жүйесін іске қосса, Жамбыл облысындағы алтын шығаратын кәсіпорын интеграциялық тұғырнаманы іске қосты.

Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы «Инновациялық Технологиялар Паркінде» дербес кластерлік қордың «Сандық зертханасы», Астанадағы «Назарбаев Университетінде» робот техникасының зертханасы ашылды.

Атап өтер болсақ, Қазақстан Президенті «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты ұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет кәсіпорындардың цифрландыруға көшуі бойынша есеп беруді тапсырды.

«Қазақстанды дамыған 30 елге қосуға мүмкіндік беретін, қуатты, индустриялды серпілісті қалыптастырудамыз. Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін арттырып, отандық тауарлар экспортының кеңеюіне жағдай жасауы қажет. Алдымызда 4.0 технологиясын енгізу мәселесі тұр. Мұның не екенін түсінуіміз қажет. Осы мақсатта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы дайындалды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін әрбір министрлік, әрбір әкімдік, әрбір компания атсалысуы қажет», - деді Елбасы жиынды қорытындылай келе.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта Астанада өтетін цифрландыру форумы жоғары деңгейде өтуі қажеттігін алға тартты. Бұл форумды жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстарын Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиевке тапсырды. Ол Елбасына ай сайын елдегі кәсіпорындар мен компаниялардың цифрлы жүйеге өтуінің есебін беріп тұратын болды. Ол үшін БАҚ түгелдей ақпараттық насихатқа жұмылдыру тапсырылды.

« Барлығы цифрландыруға қатысуы керек. Біз халыққа түсінікті, қарапайым тілмен түсіндіруіміз керек. Олар цифрландыру дегеніміз не екенін түсінуі керек. Оны алдымен өзіміз түсінуіміз керек», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен, жалпы алғанда биыл 25 жоба, яғни 25 кәсіпорын іске қосылды. Бұл 7 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

 

Дәулетхан  ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика