Басқару

Г.Әбдіқалықова: Қазақстан заң үстемдігіне ерекше мән береді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық адам құқығы күніне арналған «Адам құқығы – қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуының негізі» атты дөңгелек үстел отырысына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы07 Желтоксан , 15:06

Іс-шараға Бас прокурор Ж.Асанов, Адам құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов, БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Н. Шимомура, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Т.Христеа, ЕҚЫҰ Бағдарламаларының Астанадағы Офисінің басшысы Д.Сабо, Орталық Азия жөніндегі үйлестіруші, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым миссиясының басшысы Д.Кесерович және тағы басқа азаматтар қатысты.

Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті заң үстемдігіне және Қазақстан қоғамында құқықтық мәдениеттің орнығуына, халықаралық міндеттер аясында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына зор мән беретінін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан жүйелі институционалдық өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елді Үшінші жаңғырту үдерісі басталды, оның басты мақсаты – әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу», - деді Г.Әбдіқалықова.

Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2018 жылғы төрағалығы қарсаңында адам құқығы саласындағы мәселелерді талқылаудың айрықша өзекті екеніне тоқталды.

Алқалы жиын барысында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасы арқылы кепілдік берілген адам құқығы мен бостандығын жүзеге асыру, адам құқығын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Бес институционалдық реформаның, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы тарапынан ратификацияланған, адам құқығына қатысты халықаралық келісімшарттардың маңызы ерекше атап өтілді.

Г.Әбдіқалықова халықаралық институттарға–Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасына, Еуропалық Одақ өкілдігіне және ЕҚЫҰ Бағдарламаларының Астанадағы Офисіне, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымға, сонымен қатар құқық қорғаушы үкіметтік емес ұйымдарға сындарлы ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

Соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларды алда келе жатқан мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

 




Яндекс.Метрика