АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

АШМ карантиндік нысандардың жаңа түрлері нің таралуы бойынша шұғыл карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізуді ұсынды

АШМ карантиндік нысандардың жаңа түрлері нің таралуы бойынша шұғыл карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізуді ұсынды. Бұл туралы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстыру барысында Ауыл шаруашылығының вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.
Астана қаласы 07 Желтоксан, 11:24

Қ.Айтуғанов айтып өткендей,   АШТӨ қажетті пестицидтердің түрін өзі сатып алып, фитосанитариялық шараларды уақтылы жүргізетін болады.

Сондай-ақ ұсынылатын тәсіл жыл сайын бөлінетін қаражат шамасында бактериялық күйікпен жойылған ағаштар үшін шығындарды өтеуге қажетті соманы жолдауға мүмкіндік береді.

«Бактериялық күйіктің зияндылығы, оның өте тез таралу қабілетіне байланысты жоғары. Бұл ауру бақша шаруашылығы үшін үлкен қауіп төндіреді. Экономикалық зардабы өнім шығындары мен жеміс ағаштарының жойылуынан, сондай-ақ одан әрі ауру ағаштарды қопарып алудан көрініс табады. Бүгінгі күні бактериялық күйікпен залалдану алаңы 979 га құрайды», - деді Қ.Айтуғанов.

Карантиндік объектілердің жаңа түрлерінің таралуын және карантиндік фитосанитариялық талаптар бұзушылықтарын болдырмау мақсатында, Заң жобасымен шұғыл және уақытша карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізу қарастырылған.

«Шұғыл шаралар Қазақстан Республикасы аумағында жаңадан немесе қайта анықталған карантиндік объектілердің ошақтарын тез оқшаулау мен жоюға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сондай-ақ,  бұрын бұл шараның жоқтығы қызанақ күйесі, бактериялық күйік тәрізді карантиндік объектілердің ошақтарын уақтылы оқшаулау мен жоюға мүмкіндік бермеді. Аталған организмдерге қарсы оқшаулау шараларын жүргізу үшін бюджеттен қосымша қаржы қаражатын бөлу қажет болатын, бұл осы организмдерді ұлттық шектеулі таралған карантиндік объектілердің тізбесіне енгізуге дейін мүмкін емес болатын.

«Тізбеге сәйкес өзгерістерді енгізу, келісу және бекіту үшін белгілі уақытты талап етеді, бұл шараларды тиімді жүргізудің мерзімдерін созып тастайтын.Осыған байланысты, бұл жаппай таралуға себеп болды. Мәселен 2014 жылдан бері бактериялық күйікпен залалданған бақшалар алаңы 416 га-дан 979 га дейін, оңтүстік америкалық қызанақ күйесімен залалдану алаңы 8,8 га-дан 78 га-ға дейін өсті», - деді вице-министр.

Бұл норманы енгізу жаңадан немесе қайта анықталған объектілердің республика аумағында одан әрі таралуы мен бейімделу қаупін жоюға және бюджеттің қосымша шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.

Ақбота Күзекбай 





Яндекс.Метрика