Рухани жаңғыру

О.Асанғазықызы: Тіл жаңғырмай – рухани жаңғыру да болмайды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – өткеніңді түгендеп, болашағыңды бағдарла дейді. Жоғалтқанымыздың бірі тіл. Тіл дегеніміз – рух. Тіл орнына келмей жаңғыру да болмайды, деді Ш.Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру-әдістемелік тілдерді дамыту орталығының директоры Оразгүл Асанғазықызы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» атты дөңгелек үстел барысында.
Астана қаласы07 Желтоксан , 09:13

Дөңгелек үстелге қатысқан қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы өз сөзінде аталған мақаланың ішкі мазмұнына үңілуді талап етті.

«Осы мақала жарияланғаннан бері 50 шақты жастардың аудиториясында болдым, сонда бәріне де «мақаланы оқыдыңыздар ма?» деп сұраймын. Бірақ 2-3 адам ғана қолын көтеріп жатады. Бұл жастар арасында бұл мақаланың мәнін әлі ұға қоймағандығын түсіндіреді. Бұл мақала халқымыз ұзақ күткен, аса маңызды, үлкен бұрылысты мақала. Латын әрпі 1992 жылдан бастан ғалым Әбдуали Қайдардың бастамашылығымен көтеріліп, Елбасы тапсырма беріп, ұзақ жылдар бойы дайындықпен келе жатқан мәселе болатын. Бүгінгі күнде біздің елде ұлтымыздың үлесі 72 пайызға жетті. Әлі де көрші елдің әліпбиімен жүре беруіміз дұрыс емес. Әр ұлттың аты аталғанда сол ұлтты еске түсіретіндей өзінің әрпі болуы керек. Ол бізде де болған. Біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек, біз латынға өтіп жатқамыз жоқ, латынға оралып жатырмыз»,-дейді спикер.

Біз қуатты, жауапкершілігі жоғары, бір тұтас ұлт болуымыз керек» деген сөз бар. Мұндағы «Біртұтас ұлт болу» – ол қазақ ұлтының маңына ұйысу дейді Оразгүл Асанғазықызы.

Оның айтуынша,  әлемде 2000 нан астам белсенді қолданыстағы тіл бар. Қазақ тілі алғаш Тәуелсіздік алған кезде 174-орында болса, қазір 70-орынға көтерілеген. Бұл осыған дейін жасалған дайындықтың арқасы, дейді.

«Отаршылық кезеңде біздің халықтың салт-дәстүрі, тілі тоналды, мәдениетіне шабуыл жасалды. Рухани байлығымыздан алыстатты. Қаншама жер-су аттарын өзгертті. Ал қазір біз осының бәрін түзетуіміз керек. Бұл мақала осыны дәріптейді. Мемлекеттік органдарда ылғи да мемлкеттеік тілді қолданысқа енгізетін бағдарлама ашыңдар, жүрген ортада қазақ тілінде сөйлеңдер. Рухани жаңғыруды жүзеге асыратын сіз бен біз. Тіл дегеніміз – рух. Тіл орнына келмей жаңғыру да болмайды. Біз түркі тектес елміз, түркі тектес 50 ге жуық елдің 56 пайызы латын әрпін пайдаланады. Дамыған 30 елдің 23-і латын әрпін пайдаланады. Сол дамыған 30 елге кіруді мақсат етіп отырмыз. Сол себепті латын әрпіне көшу – біз үшін аса келелі шешім болды деп білемін»,- деп түйіндеді сөзін Оразгүл Асанғазықызы.

Дөңгелек үстелде бұдан бөлек Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің осы бағытта атқарған жұмыстары мен басқа да азаматтық белсенділердің пікірі тыңдалды.

Есбол Социалхан

 

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика