ҚР Тұңғыш Президентінің Күні

«Нұр Отан» партиясының құрамына талантты 15 жас қазақстандық қосылды

«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай партияға қабылдау рәсімі өтті.
Астана қаласы 30 Қараша, 20:34

Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай,   партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өз саласында биік белестерді бағындырған талантты 15 жас қазақстандыққа партиялық билеттерін салтанатты жағдайда тапсырды.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасымыздың жастарды үнемі қолдап, олардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанына назар аударды.

«Нұр Отан» – Елбасының партиясы. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын қолдайтын, елін, жерін сүйетін, халқына адал қызмет еткісі келетін әрбір жас қазақстандық осы партияның қатарынан табылуы тиіс. Елбасы салған даңғыл жолдан жаңылмай жаһан көшінің алдынан көріну енді ел жастарының, яғни сіздердің абыройлы міндеттеріңіз», – деді Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктері мен бүкіл әлем таңдай қаққан табыстары Тұңғыш Президентіміздің ерең еңбегінің нәтижесі екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанған жастар қатарында белгілі әнші, алғаш рет ұйымдастырылған «Жыл таңдауы» ұлттық телевизиялық ән байқауының лауреаты Төреғали Төреәлі, бірнеше хит әндердің орындаушысы Ерке Есмахан, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева, кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов, бидайды қайта өндеу саласында әлемдік деңгейде жаңалық ашқан жас ғалым Әуесхан Оспанов, археолог Айбар Қасеналин, республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының дәрігері Алуа Масалимова, Ақтөбе облысы, Алға аудандық балалар үйі директорының орынбасары Вероника Власова, «Ауыл шаруашылығы саласындағы ең үздік жас маман» байқауының жеңімпазы Егемен Жұмағали, республикалық және халықаралық дебат турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Уәлихан Тұрарбек, жас кәсіпкер Нұрлан Қабыштаев, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушысы Ахмет Магомедов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Жалғас Молжігіт, жас шахтер Николай Алейников және металлург Дмитрий Бобылев бар.

Іс-шара соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед тағы да барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жаңадан қабылданған жас партия мүшелері еліміздегі басты саяси күштің дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

 





Яндекс.Метрика