Білім беру

Қостанайлық оқушылар жаңа мектепке барады (ФОТО)

Көкталдықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
Қостанай 30 Қараша, 15:14

«Бұрынғы мектебіміз адам айтқысыз күйде болды. Өте ескі әрі ешқандай жағдай болмады. Дегенмен, соған қарамастан біздің балаларымыз жақсы оқып, біліп сапасының көрсеткіші жағынан алда болдық. Алдында аралас мектеп болды, соңғы бес жылда таза қазақ мектебі болып ауыстық. Жаңа мектепке көшкенімізге бір аптадай уақыт болды. Енді бүгін салтанатты түрде тұсауы кесіліп, оған облыс әкімі бастаған елге сыйлы азаматтар қатысып жатыр. Бұл біз үшін, жалпы ауылдықтар үшін зор мақтаныш. Заман табалына сай жабдықталған мұндай мектептен ауыл балаларының әлі де сапалы білімге, жоғары нәтижелерге қол жеткізетіне де сеніміміз мол», - дейді мектеп директоры К.Нажиқанова.

Ауыл мектебінде домбыра, би, баскетбол, волейбол, шахмат, дойбы үйірмелерінен басқа биыл жаңа тағы бір үйірме пайда болыпты. Ол роботты техника үйірмесі. Бұған ауыл кәсіпкері Ғазез Хасенов демеушілік жасап, үйірмеге қажеттінің бәрін алып берген көрінеді. Үйірмеге техникаға қызығушылық танытқан отыз бала жазылып, бүгінде олар “роботты техника” саласын меңгеруде.

Осы тұста әулиекөлдіктердің Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасындағы “Туған жер” жобасына да ерекше атсалысып жатқандығын айрықша атап өтуге болады. Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Диев орта мектебі жанында елу балаға арналған шағын орталық, Новонежин ауылында жастар үшін жаңа спорттық алаңдар мен Құшмұрын кентінде тұрғындар үшін демалыс орны ашылды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың желтоқсан айында С.Баймағамбетов атындағы Әулиекөл мектеп-гимназиясында аталған мектеп түлектерінің қолдауымен мұражай ашылғалы отыр. Келер жылы да, “Туған жер” бағдарламасы аясында тағы бірнеше әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Атап айтар болсақ, елімізге танымал мемлекет қайраткері Шайсұлтан Шаяхметовтың ұлы Бейімбет Шаяхметовтің қолдауымен Сұлукөл орта мектебін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек. Сонымен қатар, “Тюрк Қазына” ЖШС-нің демеушілігімен №28 Құшмұрын орта мектебінде өлкетану мұражайын ашу, “Әулие Би” ЖШС-нің қолдауымен Чернышевский орта мектебі жанындағы шағын орталықты толық күнге ауыстыру жоспарланып отырған көрінеді. Осылайша, “Туған жер” бағдарламасына атсалысып, туған ауылының, елінің өркендеуіне үлес қосып отырған әулиекөлдік кәсіпкерлерге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те зор алғысын білдірді.

«Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасындағы “туған жер” жобасының да басты мақсаты елге, туған жерге жәрдемдесу. Бүгінде өңірде осы бағдарлама аясында 3 млрд. теңгеге елуден астам жоба жүзеге асырылуда. 2018 жылы да мұндай жобалардың саны әлі де артады деген сенімдеміз. Бұл тұрғыда Әулиекөл ауданында да игілікті жұмыстар атқарылуда. Рас, биылғы көктем көкталдықтар үшін де оңайға соққан жоқ. Ауылды су басып, халық қиын да өте ауыр жағдайды бастан өткерді. Міне, сол қиын-қыстау шақта да демеу болған сіздерге, кәсіпкерлерге айтар алғысымыз шексіз. Енді міне, сол қиындықтардың бәрі артта қалды деуге болады. Бүгін ауылда заманауи үлгідегі жаңа мектеп бой көтеріп жатыр. Ендігі басты мәселе ол жол проблемасы. Осы мақсатта біз 100 млн. теңгедей қаражат бөліп, Көктал ауылының жолын жөндеу керек деп шештік. Бұл жұмыстар келер жылы қолға алынады», - деп облыс әкімі ауыл тұрғындарын тағы бір мәрте қуантып қойды.

Осылайша, мереке қарсаңында ерекше сыйға куә болған көкталдықтар да жергілікті билікке шексіз ризашылықтарын жаудырды.





Яндекс.Метрика