ҚР Президентінің Жолдауы

Қазпошта автоматтандырылған сұрыптау желісін іске қосты

Пошта жөнелтілімдерін сұрыптауға арналған автоматтандырылған желі бүгін «Оңтүстік» ақпараттық-логистикалық орталығында іске қосылды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Алматы қаласы 30 Қараша, 08:43

Оның өнімділігі сағатына  6 545 жөнелтілім болады (EUROSORT компаниясының өнімі (Нидерланды). Бұл желі салмағы 10 кг-ға дейінгі халықаралық, сондай-ақ ішкі пошта жөнелтілімдерін (сәлемдемелер) – бандерольдер мен халықаралық шағыт пакеттерді өңдеуге арналған. «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сакен Сарсенов «Оңтүстік» АЛО-ға арнайы келген вице-премьер Асқар Жұмағалиев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке сұрыптау желісін көрсете отырып, желі жұмысын іске қосу сәлемдемелерді тәулігіне 10 есе көп өңдеуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

«Біз халықтың интернеттен сауда жасауға қызығушылығының күн санап артып келе жатқанына куә болып отырмыз. Бүгінгі күні Қазақстанға 9 млн.-нан астам шетелдік сәлемдемелер келіп түсті. Осы жылдың тамыз айына дейін біздің мүмкіндігіміз тәулігіне 10 000-дай сәлемдемені өңдеуге жетті. Ал сұрыптау машиналары мен мобильді терминалдарды іске қосқалы бері біз 100 000 сәлемдемеден сұрыптауға қол жеткіздік. Осылайша технологиялық процесті оңтайландыру арқасында сәлемдемелерді өңдеу тәулік бойы жүргізіледі. Сонымен қатар сұрыптау процесін автоматтандыру сәлемдеме салынған қаптарды нақты бағыттары бойынша реттеуге мүмкіндік берді, ал бұл сәлемдемелерді адресатқа жіберуді жеделдетеді, – деді  Сакен Сарсенов.

Баспасөз турына қатысушыларға халықаралық сәлемдемелерге өңдеу жүргізілетін халықаралық сәлемдемелерді сұрыптау учаскесі таныстырылды: қаптарды қабылдау мен ашу, мекенжай деректерін жүйеге тіркеу және енгізу, салмағы бойынша сәйкессіздіктерді анықтау және ақаулар жөніндегі актіні жасау, сондай-ақ кедендік бақылаудан өту. Кедендік бақылау аймағынан өткен соң, қонақтар автоматтандырылған сұрыптау желілері мен жазбаша хат-хабарларды сұрыптау учаскесі жұмысымен танысты. Мұнда «ақылды сөрелер» көмегімен сұрыптау енгізіледі, яғни олар қажетті индексі бар дауыстық хабарламаларға жауап ретінде  жанады. Мұндай «ақылды сөрелерді» енгізу компанияның өнімділігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.  Сәлемдемелерді мобильдік терминалдар көмегімен өңдеу индекстер мен мекенжай деректерінің дұрыс енгізілмеуін болдырмайды. Бұрын олар қолмен енгізілетін, сондықтан кейде сәлемдемелерді адресатқа жеткізуде қате  кетіп қалатын.

«Қазіргі таңда Дүниежүзілік пошта одағы рейтингісінде «Қазпошта» сенімділік индексі бойынша ТМД елдері арасында бірінші орында, ал жоғалған сәлемдемелер пайызы клиенттерге жеткізілетін сәлемдемелердің жалпы санының 0,03%-ын құрайды. Бізде сәлемдемелерді іздеумен ғана айналысатын арнайы топ бар, біздің міндетіміз – жоғалған сәлемдемелер санын азайту. Сәлемдемелердің жоғалуын азайту мен оларды жеткізу мерзімдерін қысқартудан өзге, біз жаңа төлем құралдарын іске қосып жатырмыз: өз процессингтік орталығымыз жұмыс істейді,  Paypost интернет-дүкендері үшін эквайринг іске қосылды. Келесі жылы еліміз бойынша франчайзинг жүйесінде жұмыс істейтін сәлемдемелерді беру пункттерін ашу жоспарда бар. Осы құралдардың барлығы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында енгізілді және дамып келеді», – деді өз сөзінде Сакен Сарсенов.

 Жақсы қалыптасқан базасы – дамыған логистика мен бөлімшелердің кең таралған желісі арқасында, бүгінде Қазпоштаның e-commerce-ке қажетті барлық инфрақұрлымдарды құруға мүмкіндігі бар. Алматыда интернет-дүкендерге көмек ретінде  фулфилмент қызметі іске қосылды, ол тауарларды сақтау, сұрыптау, буып-түю және жеткізу қызметтерін қамтиды.

Сондай-ақ Қазпошта Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай транзиттік жөнелтілімдер үшін хабтарды іске қоса отырып, транзиттік жобаларға белсене араласады. Бұл біздің еліміз арқылы Қытайдан Ресейге және Еуропаға баратын сәлемдемелердің барлық тарнзиттік көлемінің 20 %-дан астамын өткізуге мүмкіндік береді. Қазпошта арқылы транзиттік ағындар көлемінің өсуі 2016 жылы 53% болса (2015 жылғы 6,5млн.сәлемдемеге қарағанда 10 млн. сәлемдеме), 2017 жылы компания 17 млн. сәлемдемеге дейін өседі деп болжайды.

Қазіргі уақытта халықаралық ағындар Қазақстан Республикасына Алматы, Астана және Орал қалаларындағы пошта айырбасының халықаралық орындары арқылы келіп түседі, олардың 80%-дан астамы Алматы қаласындағы ПАХО  арқылы өтеді. Жөнелтілімдер негізінен Қытай, Сингапур, Германия, АҚШ және басқа елдердің интернет дүкендері арқылы келіп түседі.

 





Яндекс.Метрика