АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

ШҚО-да ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі өткен жылдағыдан 11% -ға өсті

Агроөнеркәсіп Шығыс Қазақстанда экономикалық өсімнің драйвері рөлін атқаруда. Биыл ауылшаруашылық ішкі өнімінің деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты. Бұл туралы Орталдық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО әкімі Даниял Ахметов мәлім етті.
Астана қаласы29 Қараша , 16:35

Брифинг Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асу барысына арналды.

«Даниял Ахметов баяндамасында облыстағы ауылшаруашылығының даму үрдістеріне тоқталды: «Жолдаудағы отбасылық кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасына сәйкес, ірі қара шаруашылығын жеке қолдағы мал есебінен дамытуға басымдық беріп келеміз. Кооперативтендіру жұмыстарының нәтижесінде жоспарланған 15700 құрылымның орнына 16 мың шаруашылық нысан біріктірілді», -дейді осы бағыттағы жұмыстар жөнінде.

Агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестицияның жалпы көлемі 30 млрд. теңгені құрап, өткен жылдан 600 млн. теңгеге артқан. Бұл соманың 12,2 млрд. теңгесін негізгі капитал, 17,8 млрд. теңгесін субсидиялар құраған.

Бүгінгі күнде сала бойынша 9,4 млрд. теңгенің 56 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Болашақта экспорттық әлеуетті көтеру мақсатында «Евразия Холдингі» ЖШС Аягөз ауданында, «Агропортал» ЖШС Семей қаласында – екі ет комбинатын салу жобасы жоспарланған.

Сонымен қатар, барлық қаржы көздерінен 4,6 млрд. теңгеге 640 ауылшаруашылық техникасы сатып алынған. Биыл жердің құнарын сақтап, нығайту үшін шаруашылық құрылымдары 37,2 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Осы бағыттағы жұмыстарға арналған субсидия көлемі 1,5 млрд. теңгені құраған.

АӨК-ге тартылған инвестиция мен құйылған субсидияның жалпы көлемі 30 млрд. Теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 600 млн. теңгеге артып отыр. Қолға алынған осындай кешенді шаралардың арқасында ШҚО-да биыл ауылшаруашылық ішкі өнімінің деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артып отыр.

 

Есбол Социалхан

 




Яндекс.Метрика