Өңірлер

Ақтөбе облысының елу мектебі жаңа спорттық құрал-жабдықтарға ие болды

Ақтөбе облысында«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ұйымдастырған «Биіктерге бірге!» үздік спорт жобаларының байқауы қорытындыланды.
Ақтөбе 30 Қараша, 09:43

Байқау жеңімпазы атанған облыстың елу мектебі бүгін салтанатты түрде спорт жабдықтары жиынтығының сертификатын алды.

Облыстағы әрбір мектептің байқауға қатысу үшін тапсырысты шығармашылық бейнеролик түрінде жіберуге мүмкіндігі болды.

«Барлық ақтөбеліктердің атынан «Самұрық-Қазына» басшылығына балалар арасында спортты дәріптеуге, олардың денсаулығын нығайтуға арналған акцияны ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Жалпы, бұқаралық спортты дамытуға респуликаның барлық жерінде назар аударылуда. Президент тапсырмасына сәйкес, барлық мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдары балалардың спортпен шұғылдануы үшін жағдай жасаулары қажет. Осындай қолдаулардың арқасында біздің жас спортшыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді»,-деді марапаттау рәсімін ашқан Бердібек Сапарбаев.

 «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының әлеуметтік жобалар қызметінің басшысы Нұрлан Оразалиев өз кезегінде облыс басшылығына әлеуметтік жобаның өңірде жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Бүгін біз елу мектепті еуропалық сападағы спорт жабдықтарымен жарақтадық. Сондай-ақ, төрт коррекциялық мектеп ерекше балалардың барынша әлеуметтенуіне ықпал ететін арнайы коррекциялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында сіздің өңірде 25 спорт және ойын алаңдарын орнатуға байланысты жобалар басталып, Ақтөбе мен Қандыағаш  қалаларында олардың жетеуі пайдалануға берілді. Ақтөбе облысы – біз үшін маңызды стратегиялық өңір. Өйткені, мұнда біздің 15-ке жуық еншілес компанияларымыз жұмыс жасайды»,-деп атап өтті Нұрлан Оразалиев.

Ақтөбе облысында жобаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 600 млн-ға жуық теңге аударылды.

Сондай-ақ, ол «Менің елім» бағдарламасын жүзеге асыру 2018 жылы да жалғасатынын жеткізді. Спортта ғана емес, мәдениет саласында да дарындарды дамыту үшін жаңа спорт алаңдарын салумен қатар, 12 музыкалық мектепті музыка аспаптарымен қамтамасыз ету жоспарланған.





Яндекс.Метрика