Энергетика

Дизель отынының резерві 159,5 мың тоннаны құрайды

Ағымдағы жылдың 21 қарашасындағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы резерві 159,5 мың тоннаны құрайды. Бұл елдің қажеттіліктерін орташа есеппен 16 күн қамтиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.
Астана қаласы27 Қараша , 17:10

«Дизель отынының қажеттілігін өтеу үшін биыл қараша, желтоқсан айларында 100 мың тонна дизель импорттау қажет болған. Айдың басынан бастап 67 мың тонна дизель импортталды. Сонымен қатар, Атырау МӨЗ-де дизель өндірісін бастапқы жоспарланған 96 мың тоннадан 120 мың тоннага ұлғайту үшін қосымша мұнай жүктеуге шешім қабылданды»,-дейді Энергетика министрі Қ.Бозымбаев.

Министр сондай-ақ Павлодар мұнай өңдеу зауодын іске қосу жұмыстары кезінде дизель отынын өндіру үшін қажетті сутегі қондырғыларының кейбір бөліктері сынғанын, қондырғыны жөндеу желтоқсан айының соңына дейін кешіктірілуі мүмкін екенін айтты.

Республиканың барлық мұнай базаларындағы қалдықтар бойынша тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Жолдағы импорт көлемі, жағдайға байланысты жедел түрде отандық МӨЗ-ден мұнай өнімдерін жөнелту бағыттары бойынша тиісті шешімдер қабылдануда. Айдың басынан бастап ҚР МӨЗ-ден 160 мың тонна дизель отыны жіберілді.

«Бүгінгі таңда ҚазМұнайГазбен 98 мың тонна шамасында дизель отыны контракталып, оның 34 мың.тоннасы жіберіліп, ҚР жанармай құю станцияларына түсуде. Ағымдағы жылғы 21 қарашадағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы резерві 159,5 мың тоннаны құрайды. Бұл елдің қажеттіліктерін орташа есеппен 16 күн қамдайды», - деді Министр.

Есбол Социалхан

 




Яндекс.Метрика