ҚР Президентінің Жолдауы

Екібастұз тұрғындары «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пәтер кілтіне ие болды

Жаңа бес қабатты үй 80 пәтерден тұрады. Бұл – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында салынған алғашқы нысан. Осыған дейін өндірістік қала Екібастұзда әлеуметтік тұрғын үй тұрғызылмаған болатын.
Павлодар28 Қараша , 17:48

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ хабарлағандай, жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар – құқыққорғау органдарының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпорын жұмысшылары.

Олар пәтерлерді 1 шаршы метрі 90 000 теңге болатын бағамен сатып алды. Орта есеппен бір бөлмелі пәтердің бағасы 4 млн теңгені құрайды. Оны сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) шотында үй құнының 30%-ын құрайтын алғашқы жарна жинау керек еді. Ар жағындағы жетпейтін соманы ТҮҚЖБ жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдікті заем түрінде берді. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында тұрғын үй сатып алу шарты.

Банк салымшыларына пәтер кілтін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен банктің облыстық филиалының директоры Талғат Баилов тапсырды.

«Басында бір шаршы метрдің бағасы 115 мың теңге болатын. Бірақ біздің банкте салымы бар, орташа жалақысы 80 000 теңге болатын Екібастұз тұрғындары үшін бұл сома ауырлау болатын еді. Осы себепті аталған мәселені шешу үшін облыс әкімдігімен байланыстық. Аймақ басшысы бұған түсіністікпен қарады, нәтижесінде клиенттеріміз бұрынғыдан да төмен бағамен баспана сатып алып, жаңа үйге кіруге дайындалып жатыр», - дейді Талғат Баилов.

Орта есеппен алғанда бір бөлмелі пәтер үшін ТҮҚЖБ несиесі бойынша ай сайынғы төлем 28 000 теңгені құрайды. Олжас Жүзжасаровтың да төлейтін сомасы дәл осындай. Құқыққорғау органының қызметкері 7 жыл бойы пәтер жалдап келіпті. Үш жыл бұрын ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, баспаналы боламын деп ақша жинай бастаған екен. Осы уақыт ішінде Олжас болашақ пәтер бағасының 40%-ын депозитіне салып үлгеріпті.

«Несие бойынша төлейтін сомам осыған дейінгі ай сайын біреудің үй үшін беріп келген ақшамнан аз. Осы жылы үйлендім, ұлым Асан дүниеге келді, бүгінгі отбасыммен бірге пәтер кілтін алып отырмын. Еңбегім далаға кеткен жоқ», - деп әсерімен бөлісті банк салымшысы Олжас Жүзжасаров.

Қазір 150 000 адам өмір сүретін Екібастұздың әр 15-тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, қаражат жинап жатыр. Келесі жылы мемлекеттік бағдарлама аясында бұл қалада тағы 3 үй тұрғызылатын болады. 




Яндекс.Метрика