Үкімет

Премьер-Министр: Біз 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының қоғамдық мәнін түсіндіруіміз керек

Бақытжан Сағынтаев 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бойынша Ұлттық экономика министрлігі мен Ақпарат және коммуникация министрлігіне жұмысты бастауды тапсырды.
Нұр-Сұлтан28 Қараша , 11:54

«Бұл өте маңызды құжат. Жоба Астана мен Алматының түрлі алаңдарында қаралды. Соңғы талқылау отандық сарапшылардың қатысуымен кеше өткізілді. Бұл жұмысқа шетелдiк мамандар, консалтингтiк компаниялар, Дүниежүзiлiк банк мамандары да тартылды. Осының нәтижесiнде биылғы жылғы Мемлекет басшысының Жолдауында тапсырылғандай, бiз сәйкес құжаттарды дайындап қоюымыз керек болған», - деді Премьер-Министр.

Премьер-Министр айтып өткендей, Елбасының Жолдауында аталмыш құжатты жыл соңына дейін әзірлеу тапсырылған болатын.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды және халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін құжат әзірленді. Аталған құжат еліміздің негізгі стратегиялық құжаты – «Қазақстан-2050»-ді іске асыруға бағытталған. Мақсат – 30 озық дамыған ел қатарына қосылу», — деді Б. Сағынтаев.

Айта кетейік, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет мүшелері бірауыздан Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді.

Стратегиялық жоспардың басты мақсаты — 2025 жылға дейін сапалы әрі табысты экономика өсімін қамтамасыз ету, ЭЫДҰ-ға мүше елдермен салыстыруға келетін өмір сүру деңгейіне жету.

«Жобаға сәйкес, жылына кем дегенде 4,5-5% деңгейінде экономика өсіміне қол жеткізу жоспарланып отыр, бұл Қазақстанға жан басына шаққандағы ЖІӨ өсім деңгейін 2025 жылға қарай 46 100 $ (СҚТ бойынша) дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Т.Сүлейменов.

Ақбота Күзекбай 




Яндекс.Метрика