Үкімет

Қазақстанда қауіпті өндірістік нысандарда авариялық жағдайлардың азаюы байқалуда

Қазақстанда біздің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметіміздің негізгі көрсеткіші, атап айтқанда қауіпті өндірістік объектілердің авариясыз жұмысы оң динамиканы көрсетуде. Бұл туралы ҚР инвестициялар мен даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында хабарлады.
Нұр-Сұлтан 28 Қараша, 11:09

«Соңғы жылдардағы жағдайдың талдауы біздің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметіміздің негізгі көрсеткіші, атап айтқанда қауіпті өндірістік объектілердің авариясыз жұмысы оң динамиканы көрсетуде. Осылайша, 2016 жылғы авариялардың саны 2008 жылмен салыстырғанда 60 % (58-ден 23 аварияға) азайды, авария нәтижесінде зардап шеккендер саны 4 есеге (102 адамнан 28 адамға) төмендеген», - деді Ж. Қасымбек.

Оның мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 10 айы ішінде республиканың қауіпті өндірістік объектілерінде 11 авария болып өтті, 2016 жылдың дәл осы кезеңінде 14 авария болған (21 % төмендеу), зардап шеккендер саны 12 адам, қаза тапқандар саны 4 адам.

«Министрлік жүргізген жұмысқа және қауіпті өндірістік объектілердегі авариялылықтың төмендеуі бойынша оң динамикаға қарамастан, ағымдағы жылдың 10 айы ішіндегі 11 авария мен  қаза тапқан 4 адам жағымсыз көрсеткіш екенін мойындау керек», - деп шағымданды Ж. Қасымбек.

Ол толықтырып кеткендей, адал кәсіпкерлерді, оларда өрескел бұзушылықтар болмаса, тексеруден босату түрінде көтермелеу, сондай-ақ оларды қауіпті өндірістік объектілер тізбесінен алып тастау мүмкіндігі көзделген.

«2017 жылдың 10 айы ішінде 1558 тексеру жүргізілген, олардың ішінде кестеге сәйкес – 923, жоспардан тыс – 635. Тексеру барысында 40 мыңнан аса бұзушылық анықталды, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған 880 қауіпті өндірістік объекті тоқтатылды, 124,5 млн. теңгеден аса 1821 сомада айыппұл салынды», - деп толықтырды Ж. Қасымбек.

Министр атап өткендей, рұқсат беру жүйесін реформалау шеңберінде жүзден аса рұқсат беру ресімі қысқартылды және бар болғаны сегіз мемлекеттік көрсетілетін қызмет қалдырылды.

«Қабылданған шаралар әкімшілік қысымды азайтты және бизнесті жүргізуге оң әсер етті. Нәтижесінде кәсіпорын басшылары өздеріне жүктелген мемлекет алдындағы жауаптылық деңгейін және авариясыз жұмыстың экономикалық тиімділігін түсінді. Соған сәйкес олардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға қарым-қатынасы өзгерді, ал ол қорытындысында қауіпті өндірістік объектілердегі авариялылықтың төмендеуінен көрініс тапты», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Авариялардың профилактикасы және алдын алу мақсатында, уәкілетті орган мен бақылаудағы кәсіпорындар арасында конструктивті өзара қарым-қатынас жолға қойылды.

«Жыл сайын кәсіпорындармен бірлесіп, «Қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандыру бойынша жиынтық жоспар» қалыптастырылады, оның шеңберінде 2009-2017 жылдар кезеңінде 10 127 бірлік жабдық және 536 технологиялық желі ауыстырылды», - деп сендірді Ж. Қасымбек.

Министр атап өткнедей, жүргізген талдау республикадағы өнеркәсіп қауіпсіздік жағдайына мынадай негізгі факторлар теріс әсер ететінін көрсетті: өзінің нормативтік қызмет мерзімін өтеген жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың аса тозуы; қауіпті өндірістік объектілер иелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамауы.

«Осы факторларды жою үшін Министрлік мынадай шараларды іске асыруды жоспарлап отыр. Біріншіден, өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірістерді жаңғыртуға және автоматтандыруға ынталандыру. Сіздің жобалық басқаруды енгізу жөніндегі тапсырмаңызды орындау шеңберінде Министрлік «Индустрия 4.0 элементтерін қамтитын өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта жарақтандыру» өтпелі жобасын қалыптастырды. Төртінші өнеркәсіптік революция әлемнің көптеген дамыған экономикаларында күш алуда. Бұл ретте өндірісті автоматтандыру, роботтандыру және цифрландыру элементтерінің енуіне ерекше көңіл бөлінеді», - деп түйіндеді ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ИДМ қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік объектіні қамтитын, 9 мыңнан аса кәсіпорын бар. Негізінен бұлар жерасты кеніштері және көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай және газ өндіру кен орындары, металлургия, химия және мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі, магистральдық құбырлар және тағы басқалар.  

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика