ҚР Президентінің Жолдауы

Р. Ошақбаев: 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму Жоспары азаматтық сектордың араласуы арқылы жүргізіледі

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының әзірленген жобасы туралы өз пікірімен «Talap қолданбалы зерттеулер орталығының» директоры Рахым Ошақбаев бөлісті.
Нұр-Сұлтан28 Қараша , 10:13

Рахым Ошақбаев Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының сапасы жоғары екенін атап өтті.  

«Менің білуімше, Қазақстанда алғаш рет осындай жоғары маңызға ие құжат кең ауқымды қазақстандық сараптамаға сүйене отырып әзірленді. 80-ге жуық сарапшы пікірталастарға қатысып, стратегияны әзірлеуге атсалысты. Жалпы алғанда, ол ешқандай шағым тудырмайды», — деді сарапшы.

Сарапшы құжат 2025 жылға дейін жаңа адами капиталды жетілдіру, технологиялық жаңару — цифрландыру, бизнестің бәсекеге қабілеттілігі, құқық үстемдігі, қуатты өңірлер, кенттену, рухани жаңғыру, мемлекеттік сектордың тиімділігі саласындағы жеті реформа қарастырылған қызықты құрылымға ие екенін атап өтті.

«Бұдан өзге, толассыз сипатқа ие жеті саясатты іске асыру көзделген. Ал ең алдымен, бұл қолжетімді несие, төменгі пайыздар, ынталандырушы салық саясатынан және салық салу саласындағы теңдіктен тұратын ынталандырушы макроэкономикалық саясат», — деді сарапшы.

Жоспардың жобасына сәйкес, макроэкономикалық саясат бюджеттің тұрақтылығына және мұнайлы емес тапшылықты төмендетуге, ақша-несие саясатының икемділігін қамтамасыз етуге және қаржылық әрі құрылымдық саясатпен үйлестіруге бағытталған.

Бұдан өзге, Р. Ошақбаев аталған Стратегиялық жоспарды іске асыру азаматтық сектордың араласуы арқылы жүргізілетініне назар аударды.

«Азаматтық қоғам мен бизнестің атқару мониторингіне қатысуы өте маңызды. Егер бұған дейін жауапкершілік мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар арасында бөлінсе, енді бұл тәсіл түбегейлі өзгерді. Жоспардың орындалуы бір жағынан азаматтық секторды, екінші жағынан бизнесті кеңінен тарту арқылы жүзеге асырылатын болады», — деп сөзін қорытындылады сарапшы.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Ашық диалог» бағдарламасында  2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жобасын таныстырды.

 




Яндекс.Метрика