Рухани жаңғыру

Астанада «ЗИЁ» өзбек жексенбілік мектебі ашылды

Елордамыздағы №53 мектеп-гимназиясында «ЗИЁ» атты өзбек жексенбілік мектебінің арнайы ашылу салтанаты болып өтті. Бұл іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тұжырымдамасын іске асыру негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінің құрметіне орай өткізілді.
Астана қаласы 27 Қараша, 20:37

«ЗИЁ» жексенбілік мектебінің салтанатты ашылу рәсімінен кейін, қонақтар өзбек тілі мен тарихының ашық сабақтарына қатысты. Ашық сабақ барысында балалар Отанға деген сүйіспеншіліктерін өлең мен мақалдар арқылы жеткізіп, ана тілінде әндер шырқады.

Жарқын іс-шараның жалғасы ретінде ұйымдастырылған этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы да көпшілікке жылы әсер қалдырды. Сонымен бірге, келушілер балалардың би мен вокалдық шеберлігіне тәнті болды.

Мерекелік іс-шара барысында «Астана қаласы өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің қызметі туралы бейнекөріністер көрсетіліп, көрме ұйымдастырылды әрі келушілерге өзбек халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.

«Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының 24 этномәдени бірлестіктері жанында 12 жексенбілік мектептері жұмыс жасайды. Бұл ретте  «ЗИЁ» жексенбілік мектебі өзбек тілі мен мәдениетін дамытуға, оны сақтауға, жастардың ана тіліне деген қызығушылығын және олардың шығармашылық қабілетін арттыруға, келер ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған», - деп хабарлады қала әкімдігінен.

Өзбек жексенбілік мектебіне 3 пен 12 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Әрбір жексенбі күні мұндағы ұстаздар өз тәрбиешілеріне қазақстандық патриотизмнің негізінде терең мағыналы дәрістер өткізіп, олардың білімі мен жан-дүниесін байытуға атсалысады. Өзбек жексенбілік мектебіндегі оқу бағдарламасының өзіндік ерекшеліктері бойынша мұнда қазақ, өзбек, ағылшын және орыс тілдері оқытылады. Мұнан өзге, ойын сабақтары музыкалық апсаптардың негізіндегі доира және хореография бойынша өткізіледі. 





Яндекс.Метрика