Адами капитал

ОҚО-да 2018 жылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 300 мыңға жуық адамға көрсетіледі

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың қатысуымен өткен жиында 2018 жылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 300 мыңға жуық адамға көрсетілетінін жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан 27 Қараша, 10:13

«Биыл облысымызда «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін 22,8 мың отбасы шартты ақшалай көмекпен және 27,3 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Егер 2016 жылы облыстағы «Өрлеу» жобасына қатысушылардың саны 26,3 пайызды құраса, 2017 жылы жоспарланған көрсеткіш 75,2 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыста 260 отбасы атаулы әлеуметтік көмек және 62,2 мың отбасы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуда», - деді Мұхит Отаршиев.

Айта кетейік, 2017 жылдың 1 қарашадағы есеп бойынша 118,9 мың адамға 7,2 млрд. теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалған. 2018 жылдың 1 қаңтардан бастап қазіргі ұсынатын үш түрлі әлеуметтік төлемдердің орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілмек. Жиында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақыны тағайындау жүйесі өзгеріп, тиісті әлеуметтік көмектердің көлемі ұлғаятынын жеткізді.

«2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай беріледі. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса 28 мың теңгені иемденетін болады. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аз қамтылған отбасылар сомасы көбейген жәрдемақы алады деп жоспарлануда. Аталған жәрдемақы жұмыс істемейтін еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларына қатысқанда ғана төленетін болады», - деді Светлана Жақыпова.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр зейнетақы және жәрдемақы саласындағы жаңа өзгерістер жайлы өңір халқына түсіндіру жұмыстарын сала басшыларына күшейтуді тапсырды.

 





Яндекс.Метрика