ҚР Тұңғыш Президентінің Күні

Тұңғыш Президент күні: 4-бөлім. Ел басында (ШОЛУ)

Эксклюзив
ҚР Тұңғыш Президентінің күні аясында «Strategy2050.kz» Қазақстанды ширек ғасырдан бері аса табысты басқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы мен саяси қадамдарына шолуымызды жалғастырамыз. Төртінші бөлімде 90 жылдары – тәуелсіз Қазақстанды басқару кезеңіндегі ҚР Президенті туралы баяндаймыз.
Нұр-Сұлтан27 Қараша , 08:42

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, 90-шы жылдардағы тоқырау жалпы халыққа оңай тимеді. Ел тұрғындарының өмір сүру деңгейі төмендеп, жұрт жаппай жұмыссыздыққа ұшырады, тұрмысы нашарлап, нағыз "жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер" шағына жетті. Ел ішіндегі әлеуметтік жағдайдың тұралауы, жалпы елдегі саяси азуалдың да шатқаяқтап кетуіне шақ қалды. Бұл аса ауыр жылдар еді. 

1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту мен Казақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (Негізгі Заң)» заң қабылдап, Қазақ КСР Президенті қызметін бекітті. 1990 жылы 24 сәуірде қызу талқылаудан кейін Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Президенті етіп Н.Ә. Назарбаевты сайлады. Жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі — Н.Ә. Назарбаевқа дауыс берді, 18 депутат қарсы болды. Қазақстанда Президенттік институт Ресейге қарағанда бір жыл бұрын енгізілді.

Жоғарғы Кеңес «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні 18 сағат 55 минутта қабылдады. «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда» Қазақстан аумағынын біртұтастығы мен оған жат көзкарас, қарсы әрекеттер болмайтындығы бекітілді. Декларацияда аса маңызды мәселе — республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалды. Казақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация — еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі.

Бұл кезеңде 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы және 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңдарынан соң 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан тарихында Жоғарғы Кеңес тәуелсіз Республиканың бірінші Конституциясын қабылдады. Егеменді Қазақстанның бірінші Конституциясының ең алдымен өте үлкен моральдық-саяси маңызы болды. Қазақстан көп ғасырлардан кейін бірінші рет біртұтас, егеменді, демократиялық мемлекет деп жарияланды.

 Сонымен бірге бұл Конституция жаңа заман өзгертулерімен байланысты жақын маңдағы міндеттерді, сондай-ақ шешіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси проблемаларды заңдастыруға бағытталған өтпелі кезеңнің Негізгі заңы ретінде қарастырылады.

1991 жылы «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» Заңы қабылданды. Мемлекет иелігінен алу және мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің бұл бағдарламасы елімізде өткізілген экономикалық өзгерістер мен реформалардың базисі, мемлекеттік меншікті реформалау процесінің басты ұйымдық құрылымы болды. 

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың  алғашқы мерзімі  Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріне айналды. Тәуелсіздік алып, Елбасының сайлануынан кейін  еліміз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.

«Республиканың дамуын шарықтау шегіне жеткізген  Нұрсұлтан Назарбаевтың  жетістігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстан Елбасының арқасында күрделі  90-шы жылдарды бастан кешірді. Назарбаевтың алғашқы бағдарламасы «Қазақстан-2030»  стратегиясы  болды. Оның басты мақсаты дамыған 50 елдің қатарына ену болатын.  Бұл мақсатқа  12 жылдан кейін қол жеткізілді.Бұл Қазақстанның аз уақыттың ішінде айтарлықтай үлкен жетістікке қол жеткізгенінің көрінісі болып табылады», - деді сарапшылар.

Елбасы осы күнге  дейін  халықтың  толық қолдауына ие болып, сайлауларда  қайта сайланып келеді.  Мысалы, 2015 жылғы 26 сәуірде өткен сайлауда жеңіске жетіп, сайлаушылар дауысының  97,75 пайызына ие болды. Елбасы осылайша жас металлург дәрежесінен  салиқалы саясаты бар, кемелденген  саясаткерге  дейін өсті. Посткеңестік елдер ішінде  ұзақ уақыт  билікте отырған  Президенттердің көшін бастап, әлем бойынша  қуатты басқарушылар ондығына енді. Елбасының еңбегі туралы   әлі талай кітаптар мен жарияланымдар жарық көретіні анық.

 

Қайрат Жандыбаев 

Фото ашық дереккөздерден алынды 




Яндекс.Метрика