Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

ҚР Тұңғыш Президенті: 3-бөлім. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы лауазымы (ШОЛУ)

Эксклюзив
ҚР Тұңғыш Президентінің күні аясында «Strategy2050.kz» 25 жыл Қазақстанды сәтті басқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы шолу материалдарының топтамасын әзірледі. Үшінші бөлімінде Н.Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып атқарған лауазымы туралы баяндалады.
Нұр-Сұлтан24 Қараша , 18:17

Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді. Басында ол бұл ұсынысқа онша ықылас танытқан жоқ – жалақының едәуір бөлігінен айрылуы мен «жалынды жылдарының» жалғаспай қалатыны қынжылтты.

 Бірақ қатаң партиялық тәртіп осыған міндеттеді. Оған қоса металлург достары да мұның басшылық жұмысқа барғанын құптады. Біраз уақыт өткен соң ол бұл маңызды іске қызу араласып кетті. Қалың көптің ортасында солардың мүддесі және арман-тілектерін сезіне отырып тіршілік ету, оларды басқару мен ұйымдастыру Назарбаевтың қанында бар қасиет болып шықты. Бірге жұмыс істеген жандардың көбі кейіннен оның адамды және оған қатысты оқиғаны есте сақтайтын керемет қабілеті, үнемі бәрін ұғуға, түпкі мәніне жетуге, сұхбаттасушысын мұқият тыңдауға және түсінуге тырысатыны туралы айтып жүрді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің еске алуынша, онда астамсу сезімі болмаған, басқарушылық лауазымдарға деген айтарлықтай құлшынысты да сезінбепті. Алайда, жасөспірім кезінен «орташа» күйінде қалуды қаламайтын өзіндік биік намысқойлығы, әрқашан бірінші болуға ұмтылу дағдысы қалыптасқан. Жетекші әрі ұйымдастырушы ретінде ол біртіндеп цех басшысынан министрлерге дейінгі сан алуан адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады. 



Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.

Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді. Ол комбинаттағы кемшіліктерді жасырмады, қайта олармен күресті.

Нәтижесінде комбинаттағы істер оңға баса бастады, Теміртаудың өзінің де құрылысы дамып, абаттана, жақсара түсті.  Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті.

Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.

Сонымен бірге, оның бойында көрегендік, барлық мүмкіндікке және жаңа атаулыға деген зор ынта-ықылас сезіліп тұрды. Мұндай тәжірибелі және жігерлі мамандарға деген сұраныс елде зор болатын.  Сондықтан да 1977 жылдың өзінде ол Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, одан соң екінші хатшысы болды. Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды.

Ол КСРО-дағы одақтық республикалардағы ең жас премьер еді. Бірақ өзге әріптестерімен салыстырғанда  жас екендігіне қарамастан, ол сол кездің өзінде кемеліне келген мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасты.  Өзінің жаңа қызметінің биігінен ол туған республикасының дамуында жіберілген қателік-қиғаштықтардың ауқымы мен олар тудыратын қасіретті толық сезіне алды.

Ол Қазақстанның одақтық экономика үшін алып шикізат қорына айналып кеткенін көрді. Тұтыну тауарларының 60 пайызы Қазақстанға өзге республикалардан әкелінетінін, қазақстандықтардың ең басты мұқтаждықтары бұрынғыша шикізаттық дамудың ыңғайына қарай өтелетінін аңғарды.   Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады.

Бүгінде әрбір қазақстандықтың жүрегінде  ертеңгі күнге деген сенімділік бар. Оған қоса, күн санап өмір сүрудің сапасы артуда. Елбасы осы жолда ерен еңбек етіп келеді. Халыққа бағыт көрсететін нағыз Ұлт көшбасшысы.

 

Қайрат Жандыбаев

Фото: ашық дереккөздерден

 




Яндекс.Метрика