ҚР Президентінің Жолдауы

Қарағанды облысында МЖС бойынша 40 жаңа жоба жүзеге асырылуда

Қарағанды облысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бюджеттік қаражатты үнемдей отыра, әлеуметтік саладағы түйіткілді мәселелерді шешуге ықпал етуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аймақ басшысы Ерлан Қошанов мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан 24 Қараша, 19:12

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыта отырып, біз қосымша мүмкіндіктерге қол жеткізе аламыз. Бүгінгі таңда облыста 7 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылған, жыл соңына дейін тағы 9 аяқтаймыз. Сонымен қатар 40 жоба дайындық үстінде. Медицинада біз жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқан бірнеше проблемалық мәселелерді жаптық», - деді Е.Қошанов.

Аймақ басшысы МЖС бойынша жүзеге асырылып жатқан денсаулық сақтау саласындағы жобаларды атап өтті. Олар аллергологиялық орталық, ауылдық аудандардағы үш гемодиализ орталығы, Жезқазған қаласындағы балаларға арналған нейро оңалту орталығы.

«Қарағандыда жазда МЖС бойынша ересектерге арналған нейро оңалту орталығы ашылды. Бұл тәжірибе сәтті болды, сондықтан біз енді осы секілді орталықтарды Жезқазған және Балқаш қалаларында ашуды көздеп отырмыз. МЖС арқылы біз жыл соңына дейін томографтардың тапшылығын шешетін боламыз», - деп жалғастырды облыс әкімі.

Сонымен қатар, ол денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді атап өтті. Дәлірек айтар болсақ, соңғы 10 айда аймақта нәрестелер өлімі 8,6%-ға, туберкулезден көз жұму көрсеткіштері 22,6%-ға, онкологиялық дерттерден қайтыс болу 7,8%-ға төмендеген.

«Елбасының 2020-шы жылға дейін балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу туралы тапсырмасы бар. Біз бұл проблеманы келесі жылы жекеменшік балабақша ашу және МЖС арқылы шешіп тастауды жоспарлап отырмыз, - деді Е. Қошанов. – Облыста биылғы жылы мектепке дейінгі мекемелерде 2500 орын ашылады. Ол дегеніміз бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөліп, 8 жаңа балабақша салумен тең. Алайда біз бұл мәселені жекеменшік инвестициялар арқылы шешіп отырмыз».





Яндекс.Метрика