Халықаралық интеграция

АХҚО өз қызметін Малайзияда таныстырды

АХҚО Малайзияның мемлекеттік органдары мен іскер ортасы өкілдеріне таныстыру рәсімін өткізді.
Әлемде 24 Қараша, 13:34

Сапар барысында АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов ХІІІ Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысты. Форум аясында ол Малайзия Премьер-Министрі Мохд Наджиб Тун Абдул Разакпен, Саравак штатының губернаторы Абдул Тахик Махмудпен, ДИЭФ-тың Төрағасы Тун Муса Хитаммен, Малайзияның «Khazanah National Berhad» ұлттық инвестициялық холдингінің атқарушы директоры Дато Исани Ганимен кездесті.

АХҚО Басқарушысы форум ұйымдастырушылары мен қатысушыларына АХҚО-ның атқаратын негізгі қызметтері мен Қазақстанда қаржы технологияларын дамыту, ислам және жасыл қаржыландыру туралы мәлімдеді. Келіссөздер барысында осы салалардағы ДИЭФ-тың Хатшылығымен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.

Қ. Келімбетов АХҚО Орталық Азия, Кавказ, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдеріне арналған қаржылық хаб ретінде қалыптасуы тиіс екенін атап өтті.

 «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары 2065 жылға дейін салықтардан босатылу, еркін капитал ағымы, заманауи инфрақұрылым және шетелдік азаматтар үшін арнайы виза режимі сияқты бірқатар артықшылықтарға ие болады. Сондай-ақ, АХҚО-ның шетелдік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне Қазақстанға кіруі және жергілікті нарыққа енуі мен бейімделуі үшін қолайлы жағдай жасауға арналған АХҚО-ның «Экспат орталығын» құру жоспарланып отыр», - деді Қ. Келімбетов.

Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің көмегімен ұйымдастырылған осы іс-шара АХҚО-ны аталған елдің үкіметтік және іскери ортасының өкілдеріне таныстыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Қ. Келімбетов «Green Tech Malaysia», «Future Innovation Council», Малайзияның инновациялар және шығармашылық орталығы - MAGIC, Малайзияның энергетика, жасыл технологиялар және су ресурстары министрлігінің бұрынғы Бас хатшысы және Қазақстан-Малайзия іскерлік кеңесінің мүшесі Лу Тук Ги ханыммен кездесті.

Тараптар өзекті даму үрдістерін, жасыл және қаржы технологиялары салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін талқылады.

АХҚО-ның Басқарушысы Малайзияның KWAP зейнетақы қорының басшылығымен кездесу барысында малайзиялық әріптестерге Қазақстандағы жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясындағы ынтымақтастықтың  әлеуеті мен АХҚО алаңының мүмкіндіктерін пайдалану туралы хабарлады.  





Яндекс.Метрика