Өңірлер

Батыс Қазақстан облысы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көш бастап тұр

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол өңірдегі индустриалды-инновациялық даму және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламалары аясында іргесі қаланған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Батыс Қазақстан 22 Қараша, 18:53

Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болды, одан бөлек, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің студенттерімен кездесті.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жұмысын дөңгелетіп отырған облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қалайы ыдыстағы бұқтырылған ет дайындаумен айналысатын серіктестік өңірде экспорттық-бағдарлық өндірістің дамуына үлкен үлес қосып отыр.

Пратияның баспасөз қызметі хабарлағандай,  жобаның жалпы құны – 900 миллион теңге. Кәсіпорынның жылына 5,5 мың тонна ет дайындауға толық мүмкіндігі бар. Дайын өнімнің жартысы отандық нарыққа жіберілсе, қалғаны экспортқа шығарылады. Нақты айтқанда, биыл Батыс Қазақстан облысынан Иранға 60 тонна ет экспортталды. «Кублей» ЖШС өз жұмысын ИИДМБ мен АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламалары аясында мемлекеттің қаржылай қолдауымен бастағанын атап өткен жөн.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста жемісті жұмыс істеп тұрған заманауи кәсіпорындардың тағы бірі – «Стекло-сервис» ЖШС. Бұл өндіріс ошағында термотөзімді әйнек пен көпқабатты оқшаулағыш бұйымдар дайындалады. Компанияның өнімдерін Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарымен қатар, көрші Ресей Федерациясының бірнеше аймағы тұтынады.

Жобаның басты мақсаттарының бірі – Қазақстанға келетін шыны бұйымдардың импортын қысқартып, осы саладағы экспортты одан әрі арттыру. Осы бағытта сапалы өнім өндіріп отырған кәсіпорынның жұмысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары лайықты бағасын беріп, мұндай жоғары технологиялық өндірістің келешегі зор екені айтты.

«Елбасымыздың индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша тек Батыс Қазақстан облысына 340 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 30 жоба нақты жүзеге асырылды. Соның ішінде қазір біз тұрған «Стекло-сервис» кәсіпорны да бар. Ол қазірдің өзінде өз өнімінің үштен бірін экспортқа шығаруға қол жеткізіп отыр. Бәсекеге қабілеттілік деген осы болады», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Батыс Қазақстан облысында индустриаландырудың 2015-2019 жылдарға арналған екінші бес жылдығында мыңнан астам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін тағы 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соған орай жаңа кәсіпорындарға білікті, кәсіби маман даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.

Осы тұрғыдан келгенде Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің алар орны ерекше. Сондықтан партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының дуальді оқыту жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасының табысты орындалуын қадағалау мақсатында аталған оқу орнына арнайы барды. Бұл колледж дуальді оқыту жүйесін енгізу мәселесінде Білім және ғылым министрлігінің тәжірибелік алаңы болып табылады. Соған орай студенттер білімнің бір бөлігін теориялық үлгіде алса, бір бөлігін практикалық негізде игеруде.

Елбасымыздың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан дуальді оқыту жүйесінің басты ерекшелігі де осы. Сондықтан 3-4-курсқа барған студенттер жұмысқа тұрып, тиісті жалақысын алып отыруы керектігін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндай бастаманың жастарымыздың білікті маман болып шығуына зор ықпалын тигізетінін жеткізді. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары колледжден кейін жоғары оқу орнына түскісі келген жастар бірден екінші немесе үшінші курсқа қабылдануы тиіс екенін алға тартып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігіне назар аударды.

Сондай-ақ, Мұхтар Құл-мұхаммед жергілікті оқу орындары мұнай-газ саласына маман даярлаудың көлемін азайтып, көп салалы техникалық мамандықтарға басымдық беруі керектігін айтты.

«Батыс Қазақстан Елбасы айтқан экономиканы әртараптандыру бойынша Астанаға ғана жол беріп, облыстар арасында көш бастап тұр. Бүгінде облыс кірісінің 42 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі болуы соның айқын дәлелі. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Бұл ретте білікті маман даярлаудың да маңызы жоғары», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бүгінде аталған колледж заманауи компьютерлік қондырғылармен, виртуальді жаттығу құралдарымен және зор мүмкіндікке ие кәсіби үлгілермен жабдықталған. Студенттермен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Сәтті қадам» партиялық жобасы туралы айтты. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған немесе мүлдем тапсырмаған барлық мектеп түлектері партияның айрықша назарында. Тек өткен жылдың өзінде ғана «Нұр Отан» партиясы еліміз бойынша 50 мыңнан астам жас азаматтың өмірден өз орнын тауып, жұмысқа орналасуына немесе кәсіби білім алуына жағдай жасады.

Сонымен қатар сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан 180 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Осы ретте Батыс Қазақстан облысы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөнінен еліміз бойынша бірінші орында екенін атап өткен жөн. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы екі жылдың ішінде өңірге шамамен 20 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның бір бөлігі облыстағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары нұротандықтардың маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы мен мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын ұдайы бақылауда ұстайтынын атап өтті. Бұл – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы.

 





Яндекс.Метрика