Үкімет

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жылына 640 млн теңгеге дейін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді – А.Цой (ФОТО)

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жылына 640 млн теңгеге дейін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Үкіметтегі баспасөз конференциясында хабарлады.
Нұр-Сұлтан 22 Қараша, 15:39

«Мемлекет басшысы цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте Цифрландыру жалпы еліміздегі кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажетті екенін атап өтті. Смартфондар мен мобильді құрылғыларды пайдаланатын адамдар санының өсуіне  мобильді денсаулық сақтау, әрине, цифрландыруға негізделген денсаулық сақтаудың ең жылдам өсіп келе жатқан сегменті болып табылады. Осы ретте, өмір сапасының ненізгі көрсеткіші халықтың денсаулығы болып табылады», - деді сөз басында А.Цой.

Ол атап өткендей, денсаулық сақтауды цифрландыру Жаңғырту 3.0 шеңберінде «Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша жеке бастама ретінде жүзеге асырылуда. Бұл ретте, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен толық синхрондау қамтамасыз етілді.

Вице-министр түсіндіріп кеткендей, мобильді технологиялар пациенттердің дәрігерлермен қашықтан өзара әрекеттесе алатын тәсілдердің кең ауқымын ұсынады. Бұл технологиялар нақты уақытта кері байланыс пен мониторингті қамтамасыз етуге көмектеседі.

«Мысалы, ДДҰ зерттеген 125 елдің 80% мобильді денсаулық сақтау жобалары бірінші кезекте ұлттық және жергілікті деңгейлерде медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтті. Мобильді денсаулық сақтау  кеңінен әсіресе, жұқпалы емес диабет, жүрек ауруы және дәрігермен үздіксіз өзара іс-қимылды талап ететін денсаулық жағдайларын басқару үшін бағалылығымен танылған», - деді вице-министр.

Қазіргі кезде министрлік өңірлерде денсаулық сақтау саласын цифрландырудың 3 процестік индикаторын бағалауда: денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу, компьютерлік техникамен жабдықтау және интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету.

«Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу динамикасы 1 қазандағы жағдай бойынша  денсаулық сақтау ұйымдарында МАЖ енгізудің үлесі 48,3% құрады. 2018 жылғы 1 қаңтарға қарай 74,1%-ға, ал 2018 жылдың соңына қарай - 100% көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған», - деді ол.

Жалпы, денсаулық сақтауды цифрландыру арқылы медициналық қызметкерлердің өнімділігін арттыру және халықтың медициналық қызметтермен қанағаттануын арттыру жоспарланып отыр.

«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Министрлік процесстік индикаторларды қайта қарады. Денсаулық сақтауды цифрландырудың бастапқы кезеңінде болжамды әсер бланкі өнімдерінде жылына 640 млн. теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, МАЖ нарығының толық көлемде қамтылу кезінде болжамды көлемі жылына шамамен 3,5 млрд. теңгені құрайды», - деп түйіндеді А.Цой.

Қайрат Жандыбаев

Фото: Азамат Әлиев





Яндекс.Метрика