Жемқорлыққа қарсы күрес

Жер қойнауын пайдалану саласындағы жемқорлықтың басты себептері белгілі болды

ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Казахстан13 Наурыз , 00:00

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдығы ретінде қарастырылатынын атап өтті. Ел Президенті «Қазақстан-2050» Стратегиясы­ -  қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында бұл құбылысқа қарсы күресті күшейту және жою қажеттігін ерекше атап көрсетті.

Отырыста денсаулық сақтау саласы қаржыландыруды ең көп қажет ететін саланың бірінен саналатыны, сол себепті оған жыл сайын едәуір мөлшерде бюджеттік қаражат бөлінетіні атап өтілді. Алайда бүгінде оны тиімсіз пайдалану орын алуда, медициналық қызмет көрсетуде, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде проблемалар бар.

Сондай-ақ, комиссия жер қойнауын пайдалану мәселелеріне байланысты бірқатар проблемаларды қарастырды. Өйткені, республикалық бюджеттің негізгі кіріс бөлігі осы саладағы салық түсімдері есебінен құралады. Сөз сөйлеушілер атап өткендей, сыбайлас жемқорлық фактілері пайда болуының негізгі себептері келісім-шарттарды жасау және рәсімдеу тәртібінің тым күрделілігінде болып саналады. Салықтар мен баж салығын төлеуден жалтаруға жол бермес үшін шикі мұнайды өндіруге, тасып әкетуге бақылауды және есеп жүргізуді барынша қатайта түсу қажет.

Отырыста ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары ­- Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің, Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың, Мұнай және газ министрі С.Мыңбаевтың, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Р.Түсіпбековтің, ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың есептері тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия тарапынан мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.




Яндекс.Метрика